Трамптың жаңа баж салығынан пингвиндер мен итбалықтар да аман қалмады. Ақ үй басшысы өткен аптада көрсеткен қосымша тариф салынатын елдер тізімінде Хёрд және Макдональд аралдары да бар. Бірақ Антарктикадағы бұл екі шағын аралда пингвиндер мен итбалықтар ғана мекендейтін болып шықты. Әрі шалғай аралдарды соңғы он жылда адам аяғы баспаса керек. Яғни Америкамен арада ешқандай сауда байланысы мүлдем жоқ. Осының өзі-ақ АҚШ президентінің тариф жоспары өте асығыс әрі сауатсыз дайындалғанына дәлел, дейді сенаторлар. Салдарынан елді жаппай қымбатшылық жайлап, одан қарапайым америкалықтар зардап шекпек. Депутаттардың айтуынша, америкалық отбасы тарифтердің өсуінен жыл сайын қосымша бес мың доллар қалталарынын төлеуге мәжбүр болмақ.
Чак Чумер, Сенат демократтарының жетекшісі:
Тарифтер соншалықты нашар жоспарланған, ол Путинге емес, пингвиндерге салық салып жатыр, өйткені Хёрд және Макдональд аралдарына тек пингвиндер ғана мекендейді. Ал Ресейді жайына қалдырған. Сондықтан біз Сенаттың бюджеті туралы шешіміне өзгертулер енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Бұл 2025 жылғы 20 қаңтардан кейін енгізілген кез келген тарифтерді, егер олар азық-түлік, дәрі-дәрмек немесе басқа да қосалқы тауарлардың құнын арттырса, тоқтатуды көздейді. Біз тек Қытай, Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға салынған тарифтерді ғана сақтаймыз.
Жалғас Сәдібекұлы
