Қазақстан мен Ресей бірлесіп кинотуындылар түсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей бірлесіп кинотуындылар түсіреді

21.12.2017

Ресейдің «Бірінші арнасы» Қазақстанмен бірлесіп кинотуындылар түсіретін болды. Мәскеуде еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «Бірінші арна» акционерлік қоғамының бас директоры Константин Эрнст кино және телевизия индустриясын дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес бірлескен фильмдер Қазақстанда да, Ресейде де қалың көпшілікке көрсетіледі. Әрі жобаға жұмсалатын қаржыны тараптар тең бөледі. Мәселен, көп кешікпей, соғыс жылдарында Алматыда құрылған Орталық бірлескен киностудия туралы «Эвакуация» фильмі түсірілсе, Астана жайлы толыққанды телесериал елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай көрермен назарына ұсынылады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

 - Бұл келісімшарттардың ең бір пайдасы - екі елдің бірлесіп үлкен туындылар жасауы. Неге десеңіз, қазір дүниежүзінде бар үлкен туындыларды бірнеше компаниялар, елдер бірігіп жасап жатады. Бізге Қазақстанға өз тарихымызды кеңінен көрсету үшін осындай бірлескен туындыларды шығаруымыз керек. Екінші жағынан әрине, бұл туындылар түсіріліп біткен соң, Қазақстанда да көрсетіледі және «Бірінші арнада» да ротациясы болады.  

Константин Эрнст, «Первый канал» АҚ бас директоры:

- Екі жобаны қолға алатын болып келістік. Оның біріншісі, соғыс жылдары Алматы қаласына көшірілген кеңестік кинематографияға арналады. Фильмнің басты кейіпкерлері Сергей Эйзенштейн сынды белгілі тұлғалар болады. Ал, екінші жобамыз – Астана жайлы телесериал. Біз оны Астананың 20 жылдық мерейтойына дайындаймыз. Яғни, бір отбасының өмірі арқылы Целиноградтың қалай Астанаға айналғанын көрсетеміз.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу