Сарапшылар: Жаһандық экономикалық рецессия қаупі күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Жаһандық экономикалық рецессия қаупі күшейді

04.04.2025

Дональд Трамптың импортталатын тауарларға баж салығын өсіру туралы шешімі бір күн өтпей жатып, әлемдік қор нарықтарын құлдыратып жіберді. Уолл-стрит құнды қағаздары бір күн ішінде соңғы бірнеше жылда болмаған ең көп құнын жоғалтты. Инвесторлар өзге елдер де АҚШ әрекетіне қарсы қарымта жауап ретінде тарифтерді өсірсе, дүниежүзілік сауда байланысы баяулап қана қоймай, жаһандық экономикалық рецессия қаупі күшеймек деп алаңдап отыр.

Сонымен Трамптың жаңа тарифтік жоспары Европа мен Азияның ғана емес, бірінші кезекте АҚШ-тың қор нарығын есеңгіретіп жіберді. Негізгі индекстер алты пайызға дейін төмендеді. Алпауыт мекемелер бірер сағатта 3 трлн доллардан аса құнын жоғалтты. Оның ішінде ірі технологиялық компаниялар Microsoft, Meta, Amazon, Google, Tesla мен Аppleдың нарықты құны үштен тоғыз пайызға дейін құлдырап, миллиардтаған доллардан айырылды. Мұндай жағдай соңғы бес жылда бірінші рет болып отыр, дейді сарапшылар. Инвесторлар тариф соғысы жаһандық экономиканың бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін деп қолында бар құнды қағаздарын жаппай сатуға кіріскен.

Сэм Стоволл, СFRA Research компаниясының инвестициялық стратегі:

Қор нарығының құлдырауына тарифтер туралы жарияланымның көпшілік күткеннен де қатал болғандығы себеп. Инвесторлар енді біздің сауда серіктестеріміз тарапынан да тиісті кек алу әкереттері болады деп алаңдауда. Бұл тарифтер қаншалықты ұзақ уақытқа созылатыны белгісіз. Неғұрлым ұзақ болса, нарық соғұрлым төмендейді, экономикалық даму әлсіреп, корпоративтік пайда азаяды. Бұл түптеп келгенде әлемдік экономиканы рецессияға ұшыратады.

Трапмтың тариф саясаты бірінші кезекте автоқұрастыру нарығына соққы болып тиді. Бүгін әлемдік алпауыт автоөндіруші Стеллантис АҚШ-тағы бес нысанынан 900 жұмысшыны уақытша жұмыстан шығарып, Мексика мен Канададағы құрастыру зауыттарындағы өндірісті тоқтатқанын хабарлады. Бірақ бұған қаймығып жатқан Трамп жоқ. Баж салығын өсіру арқылы Америка бюджетіне жүздеген миллиард доллар қосымша қаржы түседі деген Ақ үй басшысы АҚШ экономикасы қарыштап дамитынына сенімді. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті: 

Бұл - операция. Науқасқа ота жасағандағыдай, бұл да үлкен іс. Мен дәл осылай болатынын айттым. Біздің елімізге 6 не 7 триллион доллар инвестиция құйылады. Қор күшейіп, елдің әл-ауқаты артады. Оған көп ұзамай куә боласыздар. 

Бірақ әзірге қор нарығымен бірге доллар да бір жарым пайызға құнын жоғалтты. Яғни, инвесторлардың америкалық валютаға деген сеніміне селкеу түсті. Бұл кейбір елдерге қатысты тарифтің күшіне енбей тұрғандағы ахуал. Ал жаңа баж салығы іске қосылса және оған әлемнің өзге елдері қарымта ретінде тариф енгізсе, әлемдік экономикалық тұрақсыздық қатері күшейе түспек. 

Жалғас Сәдібекұлы 

Хабарламаларға жазылу