«Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммиті өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммиті өтеді

03.04.2025

«Орталық Азия – ЕуроОдақ» саммиті бүгін басталады. Өзара ықпалдастықты дамытуда Қазақстанның рөлі зор. Сарапшылар пікірі осындай.

Самарқан саммиті шын мәнінде тарихи жиын болмақ. Әлемде орын алған геосаяси тұрақсыздық, экономикалық тәуекелдердің артуы, климаттық өзгерістер– мұның бәрі айналып келгенде халықаралық ынтымақтастықтың жаңа форматқа көшетін уақыты келгенін айғақтап тұр. 

Бекжан Садықов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропа және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы:

Бұл саммит болашақта жүзеге асатын өзара бірлескен бастамалардың нақты жоспарын айқындап береді деп ойлаймын. Транскаспий халықаралық көлік бағыты да әңгімеге арқау болады. Орталық Азияның геосаяси жағдайында бұл, батыс пен шығысты байланыстыратын маңызды өңіраралық сауда жолдарының бірі. Қалай болғанда да, барлық бағыттар Қазақстан арқылы өтетіні белгілі.

Екі күндік басқосуда қауіпсіздік, цифрлық трансформация, экономика мен инвестиция секілді салалардың кең ауқымы қамтылады. Кәрі құрлықтың 27 мемлекетін біріктіретін Одақ Орталық Азиямен аймақаралық деңгейде жүйелі іс-қимыл жасауға мүдделі. Соңғы жеті жылда Орталық Азия елдері мен Еуроодақ арасында тауар айналымы төрт есе артқан.

Музаффар Хамдамов, кәсіпкер:

Орталық Азия елдері үшін тығыз әріптестік қарым- қатынаста бірлесе әрекет етудің тиімділігі орасан. Мәселен, логистиканы алайық, алыс жақын шет мемлекеттерге өнім импорттау немесе экспорт жайы. Осы ретте әсіресе Еуропа нарығына шығу бойынша жақын көршіміз Қазақстанмен ынтымақтастығымыз аса маңызды.

Самарқан – ғасырлар бойы сауданың, ғылым және дипломатияның ордасы болған шахар. Бүгінде Еуропа мен Орталық Азия елдеріне ортақ алаңға айналып отыр. Саммитке байланысты шахарға кіру уақытша шектеліп, жыл он екі ай ағылып жататын туристер сапарын кейінге жылжытты. Ал студенттер қысқа мерзімді демалысқа жіберілген.

Базаргүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу