Тариф бағасы қымбаттайды: Ұялы байланыс операторларына неге тосқауыл жоқ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тариф бағасы қымбаттайды: Ұялы байланыс операторларына неге тосқауыл жоқ?

01.04.2025

Ұялы байланыс операторларының тариф бағасын қымбаттады. Activ, Tele2 сынды операторлар тұтынушыларына бағаның өсетінін ескертіп хабарлама жіберіп жатыр. Бірақ тұрғындар құны өсіп жатқан тарифтің сапасы бағасына сай емес деп шағымданады. Ал тариф бағасын қалауынша өсіретін операторларға неге тосқауыл жоқ? Самал Қабышева сауалдың жауабын іздеді.

Самал Қабышева, тілші:

Ұялы байланыс операторлары тариф бағасының қымбаттайтыны жөнінде хабарламаны тұтынушыларға жіберіп жатыр. Сондай хабарламаның бірі маған Activ -тен келді. Қазір мен пайдаланатын тариф құны 7990 теңге. Ал 21 сәуірден бастап оның бағасы 8490 теңге болады. Яғни 500 теңгеге қымбаттайды. Ұялы байланыс операторы бағаның қымбаттауын техникалық қызмет көрсету құнының өсуімен байланыстырған.

Tele2/Altel операторларының жауабы да осыған ұқсас. Ресми сауалымызға тарифтің қымбаттауын былай деп түсіндірген.

Жазбаша жауап: Tele2/Altel: Тарифтік жоспарлардың құнының өзгеруі оператордың желілерді дамыту және жаңарту, оларды күту және жөндеу жөніндегі шығындарының артуымен байланысты.

Tele2/Altel операторы ресми жауапқа: «Қазақстан әлемдегі ең арзан мобильді интернеті бар 10 елдің қатарына кіреді», -  деп атап өткен.

«Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса». Өйткені заңның өзі ұялы байланыс операторларының оң жамбасына келіп тұр. Себебі шығынды негізге ала отырып, тариф құнын өсіруге құқылы. Заңда солай көрсетілген.

Міне, «Байланыс туралы» заң. Оның 20-бабында «Байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді», - деп жазылған.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов дәл осы бапқа өзгеріс енгізу қажет дейді.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Байланыс операторлары өз еркімен көтеруге болады деген мәселені, соған қарама-қарсы түзету енгізу арқылы не себепті көтереді, көтеру үшін дәлелдеу керек. Мүмкін Мәжілістің алдында, мүмкін Үкіметтің алдында көтеру себептерін бірінші айқындап алып, кеңейтілген жиналыстан кейін барып, Үкіметтің рұқсатымен немесе заңнамалық рұқсатпен ғана көтеру керек деген түзету енгізіп тастауға болады. Депутат ретінде мен бұл мәселені тағы да тереңдеп зерттеп, осы байланыс туралы заңға түзетулер енгізуді жоспарлап отырмын.

Қазақстанда айналдырған екі байланыс операторы ғана бар деп айтуға болады. Өйткені Kcell мен Activ, ал Tele2 мен Altel бір. Халықтың басқа байланыс операторын таңдауға да мүмкіндігі жоқ. Шағымның көп болуы бәсекелестіктің жоқ болуымен де тікелей байланысты болып тұр, дейді Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу