«Қарагөз» спектаклі неміс тілінде қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қарагөз» спектаклі неміс тілінде қойылды

11.12.2017

Республикалық академиялық неміс драма театрының ұжымы Бельгия астанасында Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін неміс тілінде қойды. Қойылым өзге жігітке атастырылып, сүйгеніне қосыла алмай өмірден құса болып өткен Қарагөздің тағдыры жайлы. Әлем мәдениетінің алтын қорына енген Әуезовтің классикалық туындысын режиссер Наталья Дубс еуропалықтарға заманауи үлгіде ұсынды. Туындыдағы махаббат, сезім арпалысы, қазақтың дәстүрі мен сөз өнерінің көркемдік қуаты бидің әсем қимыл ырғақтарымен шебер жеткізілді.  

Наталья Дубс, республикалық академиялық неміс драма театрының режиссері:

- Біз бұл жобаны 4 жыл дайындадық. Мұхтар Әуезов туындысының көркемдігін, тереңдігін сақтап, бидің элементтерін қосқанымызда, поэтикалық және хореографиялық қимылдың үйлесімді синтезі шықты. Біздің театрды Қазақстанның театр мәдениетінің жоғары екенін шетелдіктерге танытуға лайық деп тапқан Мәдениет және спорт министрлігіне алғысымыз шексіз.

Мұстафа Балджи, бельгиялық өнертанушы:

- Бұл спектакль, Қарагөздің тағдыры жүрегімді тебірентті. Ескі түсініктің, салттың құрбаны болған ғашықтардың мұңын, бір-біріне деген сезімін қазақ әртістері би арқылы керемет жеткізді. Осындай әлемдік деңгейдегі қойылымды Брюссельге әкеліп қойғандары үшін әртістерге басымды иемін.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу