Мәскеу және Мәскеу облысында 100 мыңға жуық қандас тұрады. Ресей астанасында қазақтың өнерін дәріптейтін үйірмелер қайтадан жұмысын жандандырды. Онда ою-өрнек сыры, тоғыз құмалақ, кесте тігу, би өнері сияқты түрлі сабақтар апта сайын өтеді.
«Ұлттық өнерді дәріптеу – ұлттың ұлы мұраты», - дейді Мәскеу қаласында тұратын қазақтар. Сондықтан Ресей астанасында ұлттық музыканы, сонымен қатар мәдениетін паш ету мақсатында жастар ансамблі құрылды.
Сәуле Жанәлі, Мәскеу тұрғыны:
Шетте жүрсек те, ұлттық кодымызды сақтап, жастар арасында насихаттау керек. Сондықтан осылай жиналып, дәстүрімізді дәріптейміз. Балаларға мәдениетімізді сіңіріп, барлық ұлттық мерекені атап өтеміз. Бұл - сыртта жүрген қазақтар үшін аса маңызды.
Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалған ою-өрнек ұлт мәдениетінің эстетикалық мәнін айшықтайды. Қазақ халқы сахараның сан алуан тасынан күнделікті тұрмыс бұйымдарын жасаған. Мәскеуде тұрып жатқан қазақтар жастардың тарапынан қолөнерге деген қызығушылығын арттырмақ.
Серік Тойғанбаев, Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілі:
Басқа ұлттың өкілдеріне өзіміздің қазақтың мәдениетін, дәстүрін, киім-кешегімізді насихаттаймыз. Ол, біріншіден, біздің басымызды қосады, екіншіден, елге деген сағынышымызды басады. Біз бір-бірімізге қамқоршымыз, бір-бірімізге жүрегіміз жылып тұрады.
Жалпы, Мәскеуде ана тіліне деген сұраныс болғанымен, қазақ тілі сыныбы жоқ. Дегенмен әр жексенбі күні «Қазақстан» павильонында қазақ тілі сабағы тегін өтеді, оқулық мәселесі де шешімін тапқан. Алдағы уақытта қалада қазақ тілінен пән олимпиадасы өткізілмек.
Индира Бегайдар
