«Астана балет» ұжымы Петербордағы Михайлов театрында өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана балет» ұжымы Петербордағы Михайлов театрында өнер көрсетті

17.11.2017

Санкт-Петербор қаласында өтіп жатқан халықаралық мәдени форум аясында қазақ өнері кеңінен насихатталуда. Қазақстанның ұлттық және заманауи мәдениетінің келбетін «Астана балет» театрының ұжымы таныстырды. Астаналық әртістер Петербордағы танымал сахналардың бірі саналатын Михайлов театрында өнер көрсетті. Форумда «Астана балет» 3 бөлімнен тұратын арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды. Мәселен, «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасы ұлттық бояуы қанық хореографиялық билер мен балет үзінділерінен тұрады. Ал, «Махаббат. Айырылу. Үрей» деп аталатын бір актілі балет әйгілі Эдит Пиафтың өмірі мен әндеріне негізделген. Сонымен қатар, Петербор жұртшылығы қазақ әртістерінің орындауында «Клеопатра» балетінен үзінді тамашалады.

Айгүл Әбікенқызы, «Астана балет» театрының қоюшы-балетмейстері:

- Жалпы, «Астана балет» театры осы үлкен форумға Қазақстанның атынан қонақ ретінде келіп отыр. Сондықтан, біз өзіміздің мәдениетімізді би түрінде сахналап, көрсеткіміз келеді. Біздің ұлттық киім, ұлттық әуен, ұлттық бидің нақышында орындалған жалпы пластикамыздың өзі жұртшылықты таңқалдырады.

Ольга Байкова, әскери институт мұражайының меңгерушісі:

- Бүгін мен керемет труппаның орындауындағы таңғажайып хареографияны тамашаладым. Қойылымға қазақтың ұлттық нақыштары өте жақсы үйлескен. Өкінішке қарай, «Астана балет» бізге сирек келеді. Қазақ әртістерін Санкт-Петербург сахнасынан жиі көргіміз келеді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу