Сарайшықта тарихи кешен салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарайшықта тарихи кешен салынады

09.11.2017

Келер жылы қазақ хандығының астанасы Сарайшықта туристерге  арналған  үлкен тарихи кешен бой көтереді.  Бұл туралы Атырауда өткен «Ибн Батутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы  байланыс»  атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Жиынның мақсаты - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі орындарды насихаттап, Каспий  өңірі тарихи-мәдени мұраларын терең зерттеу. Шараға Түркия, Әзірбайжаннан келген делегаттар қатысты.

Араб саяхатшысы Ибн Батутаның көне жазбаларында Сарайшық Бағдаттан кейінгі әлемдегі екінші үлкен қала болғаны айтылған. Көне шаһардың маңыздылығын қазба жұмыстарының нәтижелері мен зерттеулері дәлелдеп келеді. Тек биылдың өзінде ғана бұл жерден 300-ге жуық көне жәдігер табылды.

 Берік Әбдіғалиұлы,  «Қасиетті  Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының  басшысы: 

 - Өкінішке қарай, бұл қала толықққанды зерттелген жоқ. Осыған байланысты Мәдениет министрінің өзі бұл шаһарды жандандыруды қолға алған.  Мұражай жұмыс істейді, қонақтарды күтіп алатын, түсіндіретін арнайы мамандар қызмет ететін болады.

Конференцияға жиналған меймандар «Хан ордалы Сарайшық» мұражай-қорығына экскурсия жасады. Қазба жұмыстары жүргізілген ескі қаланың орнын да аралап көрді.  Құнды мұралар  мен шаһардың тарихына қанықты.

Абдолла Гондогу, Анкара университетінің профессоры: 

 - Ортақ бір рухани байланыс бар. Түркияда, Әзірбайжанда және Алтын Орда жерінде бұл байланыстар  қазір де біз үшін үлкен құрмет, қасиетті мирас болып қалады.

Бұдан былай, жергілікті музей қызметкерлері шетелдік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып, алыс- жақын  елдердегі музейлермен берік байланыс орнатпақ болып келісті.

Рашида Харипова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры: 

 - Бізде қазір Қазақстандағы байланыс жолға қойылған да, шетелдік музейлерге көрмеге шығып жүрген жоқпыз. Сондықтан, осы жұмыстарды да жолға қою мақсатында шешімге келдік. Осындай деңгейдегі халықаралық конференцияны үш жылда бір рет өтетін қылып та  бекіттік.

Ал, Ұлы жібек жолындағы Кіндік қалада басталған қазба жұмыстары алдағы үш жыл бойы үздіксіз жүргізілмек.

Индира МЕРЕКЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу