«Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына қатысатын мамандықтар тізімі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасына қатысатын мамандықтар тізімі

11.03.2025

«Наурыз жұмыскер» ипотекасы бойынша мамандықтар тізімі жарияланды. «Отбасы банк» өтініштерді 17 наурыздан бастап қабылдайды. Жобаға 72 млрд теңге бөлініп, шамамен 2 440 жұмысшы маман жеңілдетілген несие арқылы баспана мәселесін шеше алады.

Нақтырақ айтсақ, өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация салаларында жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру, өңдеу өнеркәсібі, электрмен, газбен және ауаны баптаумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және өңдеу, ластануды жою қызметі, құрылыс, көлік және қоймалау саласының мамандары құжат тапсыруға құқылы.

«Наурыз жұмыскер» бағдарламасының шарттарына тоқталсақ, әлеуметтік осал топтар үшін 7%, басқа санаттағы азаматтар үшін 9%.

Бастапқы жарна: 10% – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйге, 20% – қарапайым әрлеудегі бастапқы тұрғын үйге және қайталама нарықтағы тұрғын үйге белгіленген.

Өңірлерде шекті сома – 30 млн теңге, Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге жетеді. Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында тек бастапқы тұрғын үйді алуға болады. Моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі бар.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу