Батыс Қазақстан облысындағы өзендер биылғы көктемде тасымайды. «Қазгидромет» мамандары осындай болжам жасап отыр. Толығырақ қазір тікелей байланысқа шығуға әзір тұрған өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызынан сұрап білейік.
Ардақ, бірнеше күннен кейін қар күрт еруі мүмкін деген болжам айтылып жүр, батыста жағдай қалай болады дейді синоптиктер?
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Ауа райын болжаушылар наурыздың 11-інен бастап күн күрт жылынады деді. Нақты айтқанда, ауа температурасы өңірде +5-тен 10-15 градусқа дейін жоғарылайды. Әрі осы ай жауын-шашынды болады. Егер қар уақытында шығарылмай, тасқынның алдын алу шаралары іске аспаса, Орал қаласы мен Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында қарғын су мен жаңбырдан тасқын қаупі бар. Дегенмен, мамандар дарияның деңгейі қауіпті межеден аспайды деп сендіреді. Атап айтқанда,былтыр алапат тасқынға себепші болған Жайық, Деркөл, Шаған өзендерінде су қалыпты деңгейде болмақ.
Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры:
Облыстың солтүстік, шығыс, орталық бөліктерінде 20 мм-ге дейінгі мұз жамылғысы қалыптасты. Қатты жаңбыр түріндегі жауын-шашын болған кезде жаңбыр суының тасқынына алып келуі мүмкін.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Айта кетейік, Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов өңірдің тасқынға қарсы дайындығын тексеріп кетті. Министр қорғаныс бөгеттерінің құрылысы мен өзендердегі мұз кесу, қамыс шабу жұмыстарымен танысты. Су тасқыны бола қалған жағдайда әртүрлі мекемелердің өзара бірігіп іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті.
Ардақ Мұратқызы
