Кентауда жерасты суы көтеріліп, жұртты әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентауда жерасты суы көтеріліп, жұртты әбігерге салды

06.03.2025

Жерасты суы көтеріліп, көпқабатты үйлер апатты жағдайға жетті. Түркістан облысының Кентау қаласының тұрғындары осылай деп шағымдануда. Қабырғасы қақырап, едені опырылған баспанада тұрып жатқан жұрт жылдар бойы үреймен өмір сүріп келеді. Ал жергілікті билік құзырлы мекемелермен бірлесіп биылғы көктемде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізуге уәде еткен. Оған дейін тұрғындар қайтіп амалдамақ? Айнұр Әбілқасымқызы анықтады.

Кентаулық Юлия Скрипникованың отбасымен бұл пәтерге көшіп келгеніне 4 жыл болыпты. Бірақ, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық дейді. Себебі, баспананың дәл ортасындағы қабырғасы қақырап, төбесіне сызат түскен. Жарықтары күн санап ұлғайып, үгіле бастапты.

Юлия Скрипникова, Кентау қаласының тұрғыны:

Баспанамыздың қабырғалары мен төбесі дәл ортасынан жарылып жатыр. Жарықтар күннен күнге үйкейіп барады. Содан қорқамыз. Әсіресе түнде үрейленіп жатамыз. Біздің ойымызша жерасты суы көтеріліп осындай жағдайға тап болып болдық.

Бірінші қабаттан дүкен ашқан кәсіпкерлер де жыларман күйде. Себебі жертөле жыл сайын суға толып, ақыры соңында көгеріп, қолаңса иіс басқан. Тазалағанмен пайда жоқ өйткені, жер асты суы қайта көтеріліп, әбден әбігерге салады дейді. Қауіптің бар екенін арнайы келген мамандар да растаған.

Бақтияр Ғафуров, Кентау қаласының тұрғыны:

2020 жылы бізде экологиялық жоба жүзеге асырылды. Осы мәселе де соның ішінде бар. Ауызсу, жер асты суын зерттеуге институттар, оннан астам арнайы органдар келді. Зерттеу жұмысын жүргізіп, қала шөгіп барады деді.

Кеңес заманында Кентауда кен өндірген шахталар суға толтырылған, енді сол ылғалдың зардабын халық тартып отыр. Әсіресе көктемде кілкіген судан жол опырылып, үйлердің іргетасы шөккен. Айтуларынша жер астысуы 2004 жылдан бері көтеріліп кете береді. Ал жергілікті билік судың деңгейін төмендету үшін арнайы құдықтар қазған. Десе де апатты жағдайға жеткен баспаналарға жерасты суының кесірі тиді деп кесіп айтпайды.

Ғалымжан Төлепов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:

Жерасты суынан жарылуы оны бірден көріп айта алмаймыз. Мысалы, Кентау қаласында 6 үй апатты деп танылған. Бірақ олардың себебін жерасты сулары деп айта алмаймыз. Себебі 5 қабатты, екі қабатты үйлер отырып, қазір көшіру жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Яғни шенеуніктер өзекті мәселені биылдан қалдырмай Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, жіті зерттейміз деп отыр. Көктем шыға салысымен жерасты суы көтерілгенде, арнайы мамандар тобы қалада толық зелделеу жұмыстарына кіріспек.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу