«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы эфирге шығады

01.03.2025

Қазақ қыздарының арасынан алғашқылардың бірі болып жоғары білім алып, ағартушылықпен айналысқан тұлғалар туралы деректі фильмдер түсірілді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Астанада «Қазақ қызы» атты деректі фильмдер топтамасының таныстырылымын өткізді. Тағылымы мол деректі фильмдер топтамасы жайлы әріптесім айтады.

Жоба қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжанова мен Гүлсім Асфендиярованың, алғашқы мұғалім, этнограф, аудармашы, журналист Нәзипа Құлжанова мен Хұсни-Жамал Нұрлыханованың өмір жолына арналған.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Бұл фильмнің кейіпкерлері өткен ғасырдың басында заманның қиындығана қарамастан өздерінің білімге деген құштарлығын ашып, тек өздері ғана емес төңірегіне, ортасына білім нұрын шашып жүріп, әсіресе, өскелең жас балалардың білімге деген құлшынысын оятқан біздің ең алғашқы дәрігер, ұстаз мұғалімдер, журналист апаларымыз. Бүгін сіздердің және біздердің осылай емін-еркін жұмыс істеп жүруіміздің негізін қалаған сол апаларымыз деуге болады.

Деректі фильмнің түсірілім жұмыстары Қазақстан, Өзбекстан, Ресей елдерін қамтып, 10-нан астам қалада жүргізілді және жобаға отандық, шетелдік 50-ден аса зерттеуші атсалысты. Жобаның авторы белгілі журналист - Әлия Әшім.

Әлия Әшім, жоба авторы, журналист, документалист:

Әйел баласы тек қана ана, әже, сіңілі, қарындас емес, бұл елдің қабырғасын қаласқан тұлға. Саясатта, білімде, ғылымда, өнерде ғана көп білеміз. Бірақ біліммен, Іліммен майдан жүргізген адамдар бар ғой, сол майданда да әйелдердің барын көрсету бізде мақсат болды.

Жобада бұрын соңды еш жерде айтылмаған тың деректер, архив сөрелерінде қалып бара жатқан құнды ақпарат қамтылған. Таныстырылымға қатысқан ғалымдар мен алаштанушылар бұл фильмнен болашақ ұрпақ үлкен тәрбие алатынын айтып қуанды.

Айгүл Ісмақова, Алаштанушы ғалым, профессор:

Қазақ газетін шығарған да осы үш қыз. Сол жерде автор болған 5 жыл бойы. Әр қайсысы оқып жүрген медицина саласында ауылда оба болып жатыр, тиф болып жатыр. Сонда не істеу керек қазақтар? Сондай бір айдарлар ашып, қазақ газетін алған адамдар ауылда осы қыздардың мақалаларын оқып отырған.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

Қазір шетелдің актрисаларына немесе саясаткерлеріне еліктеп жүрген біздің жастарымыз өзінің кешегі апасына неше ғасырдан бері қазақ қызының қасиетін сақтап келе жатқан апаларының әжелерінің қаншалықты күрескер болғанын қаншалықты сезіне арқылы бүгінгі ұрпақ рухани жағынан да ұлттық жағынан да күшейе береді деп ойлаймын.

«Қазақ қызы» деректі фильмдер топтамасы «Qazaqstan» телеарнасынан 8-9 наурыз күндері сағат 15:25-те көрсетіледі.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу