Батыс Қазақстан облысында Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ақ орамал» акциясы өтті. Республикалық «Ақ орамал - адалдықтың белгісі» атты іс-шарада көпбалалы ардақты аналар жаңа түскен жас келіндерге орамал сыйлап, ақ батасын берді. Жас жұбайларға ақ жол мен шаңырақ шаттығын тіледі.
Өйткені, бүгінгі мереке әсем ән, тәтті күймен әдемі өріліп жатыр. Атаулы күн өңірде бар сән-салтанатымен тойлануда. Түске дейін «Бірлік пен келісім жолындағы - 30 жыл» атты салтанатты іс-шара өтті. Естелік тақта ашылды.
Ал «Ақ орамал» акциясы - бұл Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің жылда ұйымдастырып келе жатқан игі бастамасы. Ақ жаулықтың қазақ мәдениетінде, тұрмысы мен тарихында философиялық мәні өте терең. Ақ орамал - бұл жарға, шаңыраққа деген адалдықтың белгісі. Салтанат сарайындағы дәстүрлі шараға сол күні неке куәлігін алған бес жұп қатысты. Акция аясында әр келінге ақ ниетпен ақ жаулық табыс етілді.
Ал мерекелік шаралар облыстық перзентханада жаңа туған сәбилер мен олардың анасын құттықтау рәсімімен жалғасады. Бұған дейін «Қайырымдылық керуені», «Қазақ халқына - мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою шаралары өтті.
Жалпы облыстық Ассамблеяда 50-ден астам этномәдени бірлестік бар. Олар елдік мәселеде елмен бірге. Елдің тыныштығын, бірлігін, әр ұлыстың тату-тәтті тірлігін тілейді.
