Уран өндіру және сату бойынша әлемдік көшбасшы саналатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы бүгінде 14 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әрі жыл сайын дүниежүзіндегі атом энергетикасы сұранысының шамамен 40 процентін қамтамасыз етеді. Кен орнының қазіргі тыныс-тіршілігі жайында Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында бүгінде 27 кен орны, 14 уран өндіруші кәсіпорын бар. Солардың бірі Инкай кенішінде тәулігіне 10 тоннаға дейін уран өндіріледі. Өнімділік қуаты жылына 4 мың тоннаға дейін. Жер астынан алынған табиғи уран арнайы цехтарда бірнеше сатыда өңделеді.
Инкай кенішінде бір ауысымда 300-ден аса адам вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ұзындығы 25 шақырымды алып жатқан алқапта 3 зауыт, 3 геотехнологиялық алаң орналасқан. Жер асты байлығы 300-550 метр тереңдіктен өндіріледі.
Әлібек Асауов, кеніш директоры:
Инкай кенішінде жерасты сілтілендіру әдісімен уран өндіру жүріп жатыр бізде. Ол 2002 жылы бастау алған. Қазіргі таңда бұл заманауи экономикалық жағынан тиімді, экологиялық жағынан ең төмен әсері бар өндірістердің бірі.
Созақ ауданының тұрғыны Пернебек Дауылбаевтың міндеті жер астындағы уранды соратын ұңғымаларды құрап, тораптарды жасап- жабдықтау. Елу жастағы азамат еңбек жолын күзетші болудан бастаған. Бүгінде құрылыс бөлімінің супервайзері.
Пернебек Дауылбаев, геотехнологиялық полигон құрылыс бөлімінің супервайзері:
Келген кезде мен өзім мамандығым жоқ тұғын. Негізі автомеханик, жөндеу жағында, одан кейін жоғарыға жәйлап осы компанияда жұмыс істеп жүріп, оқып алдым.
Компания әлеуметтік жауапкершілікті де назарда ұстап келеді. Тұрғындардың өтінішімен былтырдың өзінде бірнеше көшеге асфальт төсеп, жарықтандырған. Одан бөлек төрт ойын алаңын салып берген.
Бақытжан Мадияров, Жеткіншек ауылының тұрғыны:
Ойын алаңы жоқ еді. Осыны істеп беріп жатқан «Қазатомөнеркәсіп», «Инкай» кенішіне көп рахмет. Қазір балаларымыз жақсы ойнап жүр. Мына халықтың алғысын алса жаман болмайды.
Кеніштен шыққан дайын өнім бүгінде АҚШ, Франция және Канадаға экспортталады. Алдағы уақытта өнім көлемін 20 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Айнұр Әбілқасымқызы
