Қазақстан былтыр 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан былтыр 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті

20.02.2025

Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы. Қазақстан былтыр бірқатар ауқымды халықаралық бірлестікке төрағалық етіп, сыртқы саясатта маңызды қадамдар жасады. Аралды құтқару және мемлекетаралық су мәселесін шешуде ауқымды іс атқарылды. 

Былтыр шетел президенттері Астанада жиі бас қосты. Қазақстан 6 халықаралық ұйымға төраға болып, бірқатар маңызды бастама көтерді. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға ретінде еліміз бірлестіктің 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Есірткіге қарсы бағдарлама, экология және энергетика бағыттағы келісімдер қабылданды. Бір жылда 160-тан астам шара ұйымдастырылып, елдер арасында 60 құжат бекіді. Сондай-ақ, Беларусь ресми түрде ұйымға мүше болды.

Болат Нұрғалиев, ҚР СІМ Сыртқы саяси зерттеулер институтының төрағасы:

Мен өзім 2007-2009 жылдар аралығында Шанхай ынтамақтастық ұйымының бас хатшысы болдым. Сол ұйымның жұмысыны ерекше назарда ұстаймын. Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделі қазір өте жоғары. Жылдан жылға оның халықаралық салмағы өсе береді.

Сондай-ақ былтыр еліміз Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығын қорытындылады. «Бестік» арасында білім, ғылым және бизнес жобалар іске асып, ұжымның басты құжаты - инвестициялық қор құрылды. Ал өзара тауар айналымы бүгінде 45 млрд доллардан асқан. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық еткен тұста 11 жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан мәселе шешілді. Тәжік-ауған шекарасын нығайту туралы келісім жасалды.

Жұмабек Сарабек, саяси сарапшы:

Қазақстан төрағалық еткен келесі – ол Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім саралары жөніндегі кеңес. Бұл 1992 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған ұйым. Қазақстан өз төрағалығы барысында толыққанды іс-шаралар жүзеге асырды. Біз өзіміздің аймақтағы геосаяси тұрғыда ең белсенді ойыншылардың біріміз. Ресеймен де жақсы қарым-қатынас ұстанамыз. Одан бөлек біз батыс мемлекеттерімен де әріптестікті нығайтуға мүдделі екенімізді жариялаймыз.

Қазақстан, сондай-ақ логистика, энергетика, сауда және цифрлық технология бағытындағы бастаманың іске асуына ұйытқы болған. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, «Бір белдеу – бір жол» жобасы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы байланысты нығайту шаралары соған дәлел. Астана баяғыдан көпвекторлы саясатты ұстанады. Әлемдегі қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу үшін өз алаңын ұсынып отырғаны да содан.

Айя Мүтәлі 

Хабарламаларға жазылу