Екібастұздағы МАЭС-1 станциясы №1 энергоблокты іске қосып, биылдан бастап толық қуатында жұмыс істеуге көшкен еді. Елімізге қажетті электр қуатының 40 пайыздан астамын өндіріп отырған МАЭС-1, МАЭС-2 станцияларында қаланың іргесінен қазылатын көмір пайдаланылады. Бұл ретте «Богатырь» кеніші өткен айда қара отын өндіруден айлық рекордты жаңартты.
«KazEnergy» қауымдастығы жағымды жаңалықтарын ұлттық телеарна тілшісімен бөлісті.
Екібастұз о бастан ерекше қала! Кезінде бүкіл одақтың энергетикалық орталығы ретінде салынған. Яғни молынан жатқан көмірді қуат өндіру үшін пайдалану көзделген. Сондықтан ашық шахталардың іргесінен МАЭС-1, МАЭС-2 станциялары бой көтерді.
Дамир Нарымбаев «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры:
Бұл станцияларға келгеніміз кездейсоқтық емес. Себебі қазір қысқы жылу маусымы жүріп жатыр. Ал бір ғана Павлодар өңірі емес, еліміздің аймақтарының қыстан қысылмай шығуы осы станцияларға тікелей байланысты. Оның үстіне былтыр жөндеу жұмыстарын жүргізуге қомақты қаржы бөлінді. Сол тиімді жұмсалды ма? Және «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай энергетика саласындағы кәсіпорындар қарапайым мамандарға не көмек береді? Соны саралаймыз...
Екібастұз-2 электр станциясы 1 мың мегават қуатты тұрақты өндіріп отыр. Ал МАЭС-1 станциясында 12 жылға созылған №1 энергоблокты модернизациялау осы жақында аяқталды.
Асан Наурызғалиев, МАЭС-1 станциясының бас директоры:
№1 энергоблок қосылғаннан бері станция 8 энергоблоктық режимде жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынның осындай толық қуатында жұмыс істеуі соңғы рет 1995 жылы осыдан 30 жыл бұрын болған екен.
Қазір станцияның өндірістік қуаты 4 мың мегаватт. Ал осы энергетикалық сектордың дамуына ерекше дем беріп отырған Екібастұздың қара көмірі. Әлемде ашық әдіспен көмір өндіретін ең үлкен шахта ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген «Богатырь» кеніші өткен айда шыңыраудан 4,4 млн тонна көмір шығарған. Бұл айлық рекорд.
Фархат Түсіпбаев, «Богатырь» кенішінің бас инженері:
Біз күн сайын 140 мың тонна көмір шығарамыз. «Богатырь» кенішінің баланстық қорында 2,4 млрд тонна көмір жатыр. Алдағы 50 жылға жетеді. Еліміздегі МАЭС-тер мен жылу электр орталықтары осы көмірді жағады.
Себебі бұл көмірдің күлділігі жоғары болғандықтан қызуы ұзақ сақталады. Көмір кеніші мен электр қуатын өндіретін станциялардан кейін мемлекеттік энергия тасымалдаушы кәсіпорынға бардық. Жұмыста кідіріс жоқ. Биылғы мақсат – жұмысшы мамандықтар жылын әрі қарапайым маман сезіне алатындай қылып өткізу. Оның нәтижесін осындағы жұмысшылар әлден сезініп отыр.
Мәди Сұлтанов, электромонтер:
Осы жылдан бастап бізге көптеген мүмкіндіктер пайда болып отыр. Қарапайым жұмыскерлерге баспаналы болуға мүмкіндік туды, жеңілдіктер беріліп отыр. «KEGOC» компаниясында осы жылдан бастап медициналық сақтандыру жобасы бар.
Екібастұздағы біз аралаған үш нысанның ерекшелігі осы. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтып, қарапайым жұмысшылардың еңбегі бағаланып келеді.
Болат Аманбаев
