ШҚО-да Күршім ауданындағы жаңа көпір бірқатар саланың әлеуетін арттырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Күршім ауданындағы жаңа көпір бірқатар саланың әлеуетін арттырды

17.02.2025

Күршімдегі көпір 4 айдың ішінде еліміздің жүк тасымалдау, туризм салаларының әлеуетін арттырды.

Жауапты министрліктің дерегінше, қолданысқа берілгелі бері көпір арқылы күніне 170 мыңға жуық автомобиль өткен. Көліктердің қауіпсіздігі үшін 102 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, бұған дейін аймақ тұрғындары 500 шақырымға дейін айналма жолмен жүріп келген.

Жұматай Қарағызов, тұрғын:

Паромның жүргенін бала кезден білеміз ғой, бізге өте қиын болды. Осы көпір жоқ болған соң, талай адам көшіп те кетті. Енді мынау қазір Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатайға 4 ауданға өте тиімді болып тұр. Бұрын паром тұрғанда қалаға 3 жарым сағатта баратынбыз. Қазір көпірмен 2 сағатта барамыз.

Биыл 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылады

Бұдан бөлек, биыл 13 мың шақырым жолға жөндеу жүргізіледі. 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылып, одан 60 млрд-қа жуық теңге түседі деп болжанып отыр дейді, көлік министрлігінің өкілдері. Ал тарифтерді көтеруден түскен қаражат жолды күтіп ұстауға, жаңа техникаларды сатып алуға жұмсалмақ.

Жамбыл Бақтияр, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

Ақылы жолдардың тарифі жылдың басында өсіп қойды. Бізде АЕК бойынша есептеледі. Бір жылда 0,5 АЕК болса, жыл сайын 5 пайызға өсіп отыр. Бұдан басқа Астана, Бурабайда егер бұрын 200 теңге болса, қазір 450-500 теңгеге дейін көтердік. Ертерек төлесе жеңілдік береді дегенді қарастырып отырмыз. Ақылы жолдардың бағасы 25-47 теңге аралығында.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу