Бүгін Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің кішкентай баланы қылқындырып жатқан видеосы тарады. Оқиға «Ахляк» жекеменшік орталығында болған. Жәбір көрген бүлдіршіннің анасы бейнекамерадағы жазбаны желіге жариялаған еді, түсінікті болу үшін видеоны көріп алсақ.
Бейнежазбада тәрбиеші кішкентай баланы жұлқылап, жылатып, даусын шығармас үшін аузын алақанымен жауып жатқанын байқауға болады. Ал 4 жастағы бүлдіршінді ата-анасы жекеменшік балабақшаға апта басында ғана берген екен. Бүгін зардап шеккен баланың анасы сұхбат беруден бас тартты. Ал тілшіміз Ернұр Медет балабақшаға барып, орталық басшыларымен тілдеспек болды.
Ернұр Медет, тілші:
Біз таңнан бері әлеуметтік желіні шулатқан «Ахляк» балабақшасына келдік. Есіктері тарс жабылған. Айнала тым-тырыс. Дегенмен бұл мектепке дейінгі білім беру орталығы бүгінде жұмыс істеп тұр екен. Ата-аналардың көпшілігі болған оқиғадан бейхабар. Тек желіден көрген соң ғана осында келіп, балаларын алып кетіп жатыр. Балабақша иесі бізді ішке кіргізген жоқ. Өзі де пікір білдіруден бас тартты. Қазір ішке тек полиция қызметкерлері ғана кірген. Арнайы тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Перизат Шахметова, ата-ана:
Келіп жүргенімізге алты ай болды. Бірақ мына ситуациядан кейін бәріміз шок болдық. Бала соңғы кездері агрессиялық әрекет көрсетіп жүргесін, өзім де камераларын қарайын деп жүргем. Қазір баламды әкетіп жатырмын. Менің балам 2 жарым жаста. Ол ұрады-соғады деп айта алмайды. Сол үшін де біртүрлі күйде тұрмын.
Аудандық білім бөлімі басшылығының айтуынша, бұл нысан базада тіркелмеген. Лицензиясы жоқ. Мемлекеттік қаржыландырусыз жұмыс істейтін жеке мекеме. Әуелде тек шағын орталық ретінде ашылыпты.
Айгүл Қасымбек, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы:
Негізінде кез келген балабақша ашылатын кезде Алматы қаласы бойынша білім сапасын қамтитын, тексеретін орган бар. Сол жерге ұсыныс беруі керек еді. Бұл кісілер ондай ұсыныс бермеген. Қысқамерзімді орталық деп ашып алған.
Бүлдіршінге зәбір көрсеткен тәрбиешінің кім екені, жасы қаншада, жұмыс тәжірибесі туралы толық ақпарат жоқ. Тек жұмыстан шығарылғаны ғана белгілі. Қалалық полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жұмыстары жүгізіліп жатыр.
Ернұр Медет
