Кибералаяқтардың жасаған қылмысының 80 пайызы әшкереленбей қалып жатыр. Сондықтан бұл тұрғыдағы қауіпсіздік мәселесін күшейту өте маңызды. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы «Айқын» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүйелеп түсіндірген ол цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды. Қазір әлемдік сауда электронды жүйеге көшкен. Бұл тарапта көптеген дамыған елдердің цифрлы жүйесінен озық екенімізді мақтанышпен айтуға болады. Дегенмен бұл сәт сайын дамитын сала болғандықтан, ақпаратты қорғау, аталған экожүйені ұдайы дамыту ісі өте өзекті. Қазіргі заманның сұранысын, жасанды интелекттің мүмкіндіктерін жетік біліп қана қоймай, оны Қазақстан қоғамына дендеп енгізуге тиіспіз, деді ол.
Берік Уәли, Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы:
Бұл салада біз бағындыратын биіктер әлі алда. Жалпы, цифрландыру саласына мыңдаған маман даярлаудан бастап, елордада Al-Sana жасанды интеллектіні оқыту орталығын ашуға дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр деуге болады. Сонымен қатар жаңа қауіп-қатерлер де бар. Арнайы құзырлы органдарымыздың цифрлы әлеуетін әлі де жетілдіру қажет. Өйткені мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі ең басты орында болуы керек.
Оңғар Алпысбай
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Кибералаяқтардың жасаған қылмысының 80 пайызы әшкереленбей қалып жатыр&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/news/206654/)