Б.Уәли: Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Уәли: Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды

11.02.2025

Жыл соңына дейін 200-ге жуық алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін нысан пайдалануға беріледі. Бүгінге дейін 460 жаңа емхана ашылған еді. Мемлекет басшысы мұндай әлеуметтік міндеттемелердің орындалуына ерекше мән береді, - деді «Айқын» газетіне берген сұхбатында Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Алдағы үш жылда 1300 мектеп те жаңартылады. Мұндай бастамалардың барлығы 1 жыл бұрын құрылған үкіметтің жіті бақылауында болады. Жалпы Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық саладағы басымдық берілуі тиіс тұстарды атап, атқарылуы тиіс жұмыстарды жіліктеп берді.

Берік Уәли, Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы:

Күллі әлем болып жатқан түрлі тартыстың салдарын сезініп отырғаны белгілі. Қазақстан да әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. Бұл экономикаға да тиесілі ұстаным. Сондықтан жаһандық сауда тізбегіне келтірілетін қандай да бір нұқсан біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды. Осы жағдайда орнықты дамуды қалай қамтамасыз етеміз деген орынды сауал туады. Бұл жөнінде Президент бұған дейін де айтып келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы бағыттағы стратегияны тағы да пысықтап, Үкімет пен құзырлы органдар басшылары үшін негізгі мәселелерді қайтара еске салды.

Тағы бір мәселе: Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосылған құн салығын көтеруге қатысты айтылған ұсыныс. Президент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Одан бөлек шетелден инвестиция тартып, инфрақұрылым, өнеркәсіп, тариф саясаты, транзиттік ахуалды арттыру және цифрландыру, жасанды интеллектінің дамуына ерекше мән беруіміз қажет екеніне тоқталды. Президент кеңесшісі елімізді дамыту үкіметтің ғана емес барша қазақстандықтың парызы екенін де атап өтті.

Берік Уәли, Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы:

Еліміздің жақсы атын ел азаматтары шығарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осыған негізделген. Біз өзіміздің құқығымызды қалай қорғасақ, мемлекетіміздің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі көтеріледі. Сол үшін бір бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мемлекетшілдік сананы орнықтыра бергеніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің «Тәуелсіздікті сәт сайын қорғау керек» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына айналуы керек.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу