Бүгін - Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні

04.02.2025

Бүгін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Өкінішке қарай, әлемде онкологияға шалдыққандар саны күн санап артып барады. Елімізде бұл көрсеткіш соңғы бір жылда 6%-ға өскен. Жыл сайын шамамен 40 мың адамға обыр диагнозы қойылады. 12 мың пациент көз жұмады. Аты жаман аурудың көбеюіне не себеп? Кеселмен күрес жолында мемлекет тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр? Тілшіміз тарқатады.

Зейнеткер Оразаева Гүлнарға 2 жыл бұрын дәрігерлер «өңеш обырының 3-ші сатысы» диагнозын қойған. Содан бері кеселмен күресіп келеді. Бірнеше ай сәулелік және химиялық терапиядан өткен.

Гүлнар Оразаева, науқас:

Сәулелік терапияны қаңтар және ақпан айларында алдым. Менде әлсіздік бар, бірақ тамақ ішіп әл жинауға тырысамын. Аяғымды баса алмай қалдым. Сүйретіліп, жүре алмадым. Аяғым мүлдем сүйретіліп қала ма деген қорқыныш болды. Әлсіздіктен көп далаға шыға алмайсың, жүре алмайсың.

Радиотерапиядан өткен науқастарға ерекше күтім керек. Әйтпесе, терапия жанама әсер етуі мүмкін. Ал ауру асқынса, соңы өлімге алып келетін жағдайлар көп дейді, онколог маман.

Нұрлыбек Үдербаев, онколог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы:

Сәулелік, химиялық терапия өте маңызды. Біз радиотерапияны жаман демейміз. Онсыз қатерлі ісікті емдеу мүмкін емес. Бірақ ядролық медицинадан кейін міндетті түрде арнайы күтім, ем-дом керек. Көпшілігі күрделі терапиядан кейін оңалдым деп ойлайды. Қате түсінік. Онкологияға шалдыққан адамның талдау нәтижесі жақсы болғанымен, олар жыл сайын дәрігерге тексерілу керек.

Сандарды сөйлетсек, елде 200 мыңнан астам адам онкологиялық диагнозбен есепте тұр. Жыл сайын 40 мың жаңа жағдай тіркеледі. Басым бөлігінде ауру асқынып кеткенде анықталған. Қазір екі қалада радиотерапияда тегін өтуге мүмкіндік бар.

Индира Тілеулесова, Ұлттық ғылыми онкология орталығы радиациялық онкология және ядролық медицинаны енгізу бөлімінің жетекшісі:

Ядролық медицинаның игіліктері медицинадағы үлкен жетістіктердің бірі. Бұл саланы дамыту жолға қойылып отыр. Кері әсерін болдырмас үшін де жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Негізі бұған дейін радиотерапиядан тегін өту үшін науқастар Семейге баратын. Кезекте тұрған пациент көп болған соң, кейбірі тіпті шекара асатын. Енді Астанада жаңа үлкен орталық жұмысын бастамақ. Бұл дегеніміз-науқастар дер кезінде емделеді. Уақытылы күтім жасалады.

Салада серпіліс бар. Отандық ғалымдар обырға қарсы препаратты ойлап тауып, клиникалық сынақтан сәтті өтті. Аталмыш дәрі - ісіктің үлкеюіне, таралуына жол бермейді дейді.

Дос Сарбасов, ғалым:

Бұған дейін 2 кезең сынақтан сәтті нәтиже көрсетті. Қазір препараттың тиімділігін зерделеу үшін 3-ші фазаның клиникалық зерттеулері жүргізізіп отыр. Сынақ кезінде обырдың 4-сатысына шалдыққан адамның ісігі 30 процентке кішірейген. Жалпы дәрі химиялық терапия кезінде айықпас дерттің 3-4 дәрежесінде қолданылады. Мақсат - ісіктің жайылуымен қатар өсуін де тежеу барлық зерттеу біткенде ресми тіркелуі мүмкін.

Жаһанда «жаман аурудың» 100 түрі бар. Сәулелі терапия, химиялық ем жасау, дәрі-дәрмек түрлері табылғанымен, қатерден құлан-таза айығудың әдісі әлі анық емес. Десе де, елде жасалып жатқан шаралардың нәтижесінде өлім-жітім 3,2%-ға азайған.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу