Ақтөбеде ондаған тұрғын жылу мен су үшін айына 50 мыңнан 90 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. Есет батыр шағын ауданындағы жүзге жуық пәтерде коммуналдық төлемдер ақысы бірнеше есеге өсіп кеткен. Тұрғындар мұнша қаржыны қалтамыз көтермейді дейді. Олар бағаның қалай және неліктен көтерілгенін де біле алмай отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл үй екі жыл бұрын салынған. Ал былтыр мұнда баспаналары суға кеткен 14 отбасы қоныстандырылды. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады.
Тұрғындар ай сайын коммуналдық төлемдерге келетін түбіртекті алған сайын шошимыз дейді. Өйткені бір-екі бөлмелі пәтерлердің өзі 40-50 мыңнан төлеуі тиіс. Ал үш бөлмелілердікі тіпті 90 мыңға жеткен. Олар жылу тарату мекемесіне төлейтін артық ақшамыз жоқ дейді.
Перизат Әбиева, қала тұрғыны:
Үйіме көшіп келгеннен кейін есігімнің алдында 29 мың деген осындай квитанция тұрды. Сіз берешексіз деп. Мен әлі бұл үйге кіріп, жылуды пайдаланған жоқпын. Көршілер қарап көріңіздерші жылуға қанша шықты деп сұрасақ, олар тек жылуға 47 мың шықты деп отыр.
Шынар Ақбалиева, қала тұрғыны:
Үш бөлмеге 93 мың шығып тұр. Ай сайын! Біз түсінбей жатырмыз өзіміз. Үйдің ауданы төлегеннің өзінде ондай ақша шықпайды ғой?!
Жауаптылардың айтуынша, пәтер иелері жылу есептегіш құрылғыға құжат дайындамаған. Ол болмаған жағдайда баға арнайы тарифпен есептеледі. Одан бөлек жылу жүйесі қосылып, бірақ қолданысқа берілмеген пәтерлердің қарызы жаңа қоныстанушыларға есептелінген болуы мүмкін. Әрі жыл басында жылу бағасы екі есеге өсті.
Аслан Жолдасов, «Aqtobe su-energy group» мекемесінің өкілі:
Жеке счетчигімен төлейді. Сосын қалдығын жалпы қолданыстағы есептегіш бойынша төлейді. Есептегіш қабылдау үшін оның сертификаты не паспорты болу керек. Одан кейін арыз жазады, біз сосын қабылдаймыз.
Бұл үй негізінен кезекте тұрған әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға берілген. Тасқыннан зардап шеккендерден бөлек, баспаналары апатты деп танылған отбасылар да былтырдан бастап қана қоныстанды.
Әкімдік өкілдері мәселені тұрғын үйді салған мердігер мекеме арқылы шешеміз деп дейді. Ортақ есептегіш құрылғыны да сол компания қондыруы тиіс.
Жақсыбек Кемал
