Мектеп оқушысына үй тапсырмасын орындауға көмектескен күзетші көпшіліктің алғысын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп оқушысына үй тапсырмасын орындауға көмектескен күзетші көпшіліктің алғысын алды

04.02.2025

Мектеп оқушысына үй тапсырмасын орындауға көмектескен шымкенттік күзетші көпшіліктің алғысы мен ілтипатына бөленді. Егде жасқа келген Жәнібек Қалдыбеков жұмыс уақытында болса да бүлдіршінге бар ынтасымен математика амалдарын түсіндіріп, есеп шығаруға жәрдемдескен.

Бұл оқиға түс қайта мектептің шыға берісіндегі бөлмеде болған. Сабақ аяқталып, осында анасын күтіп отырған бастауыш сынып оқушысы бос уақытын құр өткізбей үй тапсырмасын орындауға кіріседі. Алғашында оның бұл әрекетін қызықтаған күзетші есепті бірге шығаруға кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалған.

Жәнібек Қалдыбеков, мектеп күзетшісі:

Баяғы біздің есепке сай келеді. Екеуміз таласып, есеп шығарып кеттік. Есімде қалған екен, өзімді сынап көрдім.

Бөтен болса да үлкеннің қамқорлығын сезінген Әли Шымкенттегі жекеменшік мектептің бірінде үшінші сыныпта оқиды. Сол күнгі оқиғадан соң ертесіне математикадан үздік баға алып, күзетші ұстазына дән риза.

Әли Серік, 3-сынып оқушысы:

Есептерді түсінбей жатқанымды көргенде, маған көмектесті. Қосу және көбейту тәсілін үйретті. Келесі күні мен бестік баға алдым.

63 жастағы азамат мектеп күзетшісі қызметіне жуырда ғана қабылданыпты. Бұған дейін ол 40 жылға жуық автокөлік жүргізушісі болған. Жаны ізгі азамат күнде таңертең балаларды мейірленіп қарсы алады, қамқорлықпен үйіне шығарып салады.

Әлеуметтік желідегі ерекше видеоны таспаға түсірген Думан Әсембек. Ол осы мектепте директордың орынбасары.

Думан Әсембек, мектеп директорының орынбасары:

Бірінші өзімнің TikTok парақшама жарияладым. Ол жақта да көп қаралым жинады. Негізгі мақсат адами құндылықтар, ізгілік, жанашырлық таратуға лайық деп ойлаймын. Адамдар үлгі алып, жылы ілтипат сезімдерін көрсетіп жатса қуаныш емес пе.

Жәнібек Қалдыбеков балаларға ғана емес, төңірегіне де мейірім мен шуақ шашып жүретін азамат. Жұмыстан бос кезде автокөлігімен жолаушы тасымалдап қосымша табыс табады. Әр жұмада жолда қол көтеріп тұрған қала тұрғындарын, айтқан жеріне тегін жеткізіп салады.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу