Шығыстағы Сібе көлдері жыл он екі ай туристер келетін орынға айналды. Табиғаты тамылжыған бұл аумақ облыс орталығынан аса алыс емес. Сондықтан үлкенді-кішілі бес көлде биылдан бастап халық жаппай сырғанақ тебуді бастады. Ал өңірге шетелдіктерді көптеп тарту үшін этнотуризмге басымдық беріліп отыр. Апта сайын сенбі-жексенбіде мәдени шара ұйымдастырылмақ.
Мұз үстінде ұршықша айналып жүрген - София Мұхамедқайырова Сібе көлдеріне алғаш рет келіпті. Ол мәнерлеп сырғанаудан ел біріншілігінің қола жүлдегері. Сондықтан спортшының айтуынша, табиғи мұзда сырғанау қосымша күш береді. Ең негізгісі ен даланың еркіндігін сезінеді.
София Мұхамедқайырова, мәнерлеп сырғанаушы:
Бұл жердегі ауа райы, атмосферасы деген керемет. Осындай табиғат споортшыға ерекше шабыт сыйлайды. Тау. Орман. Бәрі-бәрі еркіндік.
Шығыста су да, ну да бар. Сондықтан тұмса табиғатын тамашалуға шетелдіктер, әсіресе, қыста келуге асығады. Соңғы 6 жылда әлем елдерін аралап жүрген франциялық туристер Максим мен Мария мұндай табиғатты бұрын соңды көрмегендерін айтады.
Максим Пави, турист:
Біз Қазақстанда 3 ай боламыз. Керемет, әдемі жерлер өте көп екен. Әсіресе шығыстың табиғаты таңғалдырды.
Әлемге әйгілі бүркітші - Айшолпан Нұрғайыпқызыда Моңғолиядан көшерде шығысқа қоныстану жөнінде шешім шығарған. Қазір өңірге келетін шетелдік туристерге жолбасшы болып жүр.
Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші:
Бұл кісілерге негізі қазақ мәдениетімен танысу, салт-дәстүрмен танысу өте қызық. Сонымен қатар, бізбен бірге аңға шығып жатыр, бүркіт ұстап, қыста өте қызық енді. Жазда біздің киіз үйімізге кіргізіп, сондай қонақжайлығымызды шетелдіктерге көрсетіп жатырмыз.
Соңғы 2-3 жылда өңірде қысқы туризм жақсы қарқын алған. Сібе көлдеріне сенбі-жексенбі күндері мыңға жуық адам барып коньки теуіп, атқа мінеді. Ал тауда шаңғымен сырғанайтындарға қызмет көрсететін қала маңында 100-ге жуық демалыс нысаны жұмыс істеп тұр.
Қазір тур-агенттіктер өңірге жыл он екі ай шетелдіктер келу үшін эко және этно туризм саласына күш салып жатыр. Ал оған шығыста барлық мүмкіндік бар.
Олжас Керейхан
