Жанар-жағармай мен сұйытылған газ кезең-кезеңімен қымбаттайды. Бұл туралы бүгін Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ұйымдастырылған брифингте Энергетика министрі айтты. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, мұнай өнімдерінің бағасына қатысты Президент жанындағы кеңес шешім қабылдаған.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Жанар-жағармай мен сұйытылған газдың бағасы бірден қымбаттамайды. Ол кезең-кезеңмен өседі. Былтыр баға диапазоны 54-55 теңге болса, биыл 59-90 теңге арасында. Бағаның қымбаттауы өңірлерге байланысты. Ең жоғарғы диапазон өңірлерде 64 теңгеден 98 теңгеге дейін болады деп отырмыз.
Энергетика министрі АЭС салуға да қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бірінші станция Алматы облысында салынады, жуырда жобаны жүзеге асыруға арналған келісімшарттарға қол қойылады. Бірақ қай мемлекет салатынын нақтыламады. Консорциумға 5 ел енген. Сондай-ақ министр екінші және үшінші АЭС салынатын өңірлерді талдау жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Келесі станцияларды салуға Үкімет Референдум өткізбейтінін де атап өтті.
Нұрсұлтан Тілектес