Көкшетауда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру аясында «Ұрпақтар диалогы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Басқосуда ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайту, сапалы білім беру, ұрпақтар сабақтастығы мен еңбек нарығында тапшы жұмысшы мамандарын қолдау мәселелері талқыланды. Оған Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің өкілдері, Еуразия университетінің ғалымдары, облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, өзара ой бөлісті. Жалпы Ақмола облысында бүгінде 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Өңірде 48 этномәдени бірлестік тіркелген. Олар облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму процесіне белсенді қатысады.
Ермек Нұғыман, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Ұрпақтар диалогы деген ұғымды тереңірек түсінгенде, оның біздің қоғам үшін қаншалықты құнды екенін білеміз. Бұл тек ұрпақтар арасындағы байланыс қана емес, бұл өткен мен бүгіннің тарихы, мәдениеттің сабақтастығы. Әрбір буынның өз орны мен міндеті бар. Біз бір-бірімізден үйреніп, келешекке өз тәлімімізді қалдыруымыз керек деп санаймын.