Жамбыл облысында 45 ірі компанияға 3 млрд теңге салық негізсіз салынған. Кіріс органдарының белден басып, артық ақша өндіргенін прокуратура анықтады. Мәселен, «Қазфосфат» компаниясы былтыр 1,9 млрд теңгеге артық шығындалған. Ал «Qazaqgaz» 655 млн теңге төлесе, «Алтын Алмас» кен орыны 139 млн теңгеге артық төлем жасаған.
Салық органдары экологиялық залал үшін төленетін кіріс көзін 2 есеге көп есептеген. Мұны негізсіз деп тапқан прокурорлар 8 лауазымды қызметкерді тәртіптік жазаға тартты.
Айта кетейік, аймақта бір жылда 4 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 44 маман жауапқа тартылды. Кәсіпкерлерге салмақ салғандар қатарында салық органдарынан бөлек, санитарлық эпидемиологиялық бақылау, Экология департаменті мен әкімдік мамандары бар.
Абай Алтаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:
5 жүйелі проблема шешілді. 21 инвестордың құқығы қорғалды. Экологиялық салынатын салық заң бойынша базалық мөлшерлемесі көрсетілген. Бірақ базалық мөлшерді әр өңірде 2 есеге көтеруге болады. 2 есе көтеруге мәслихаттың шешімі негіз болуы керек. Бірақ бізде мәслихаттың шешімі болмаса да, 2 есе көтеріліп салық алынған.
Данияр Әлімқұл