Ұлыбритания жасанды интеллект бойынша көшбасшыға айналғысы келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания жасанды интеллект бойынша көшбасшыға айналғысы келеді

17.01.2025

Ұлыбритания үкіметі жасанды интеллект бойынша көшбасшы елге айналамыз деп үлкен мақсат қойды. Нейрожелілер экономикамызды жаңа сапалық деңгейге көтереді, - дейді билік партиясындағылар. Бірақ бұл бастамаға күмәнмен қарайтындар да жоқ емес.

Премьер-министр UCL университетінің ғылыми зертханасын аралады. Кир Стармер 2030 жылға қарай жасанды интеллектің көмегімен елдегі өндіріс көлемі ұлғайып, халықтың жалақысы көбейетініне сенімді.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

Технологиялық компанияларды қолдап, нейрожелілерді жетілдірсек, мемлекеттік қызметтерді түбегейлі өзгерте аламыз.

Нейрожелілер ауруханалар мен мектептердің жұмысын жеңілдетпек. Жолдағы шұңқырларды анықтаудан бастап, мұғалімдерді сабақ беруден босатуға дейін көмектесетін көрінеді.

Мэтт Клиффорд, технологиялық кәсіпкер:

Егде жастағы туысыңыз құлап қалып, зақым алу қаупі артқаны туралы ескерту ала алады. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне түсетін ауыртпалық азаяды.

Биліктегілер стагнацияға ұшыраған экономикаға алаңдаулы. Сыртқы қарыз да қажытты. Бар үміт жасанды интеллектке артылған сияқты. Оппозицияның да айтары бар.

Гарет Дэвис, Ұлыбритания көлеңкелі министрлігінің қаржы министрі:

Билік жасанды интеллект арқылы экономикаға серпін бергісі келсе, инвесторларды көптеп тартуы керек. Ол жағы ақсап тұр.

Марина Бекенова, тілші:

Үкіметтегілер өсімді қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз деп ақталады. Тіпті мемлекеттік шығындарды қысқартуды да жоспарлап отыр. Бірақ бұл бастамалар экономикалық болашағы бұлыңғыр Тұманды Альбионды тығырықтан шығара ала ма, жоқ па, белгісіз.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу