Ресейде инфляция 10 пайыздан асып, 2022 жылдан бергі рекордтық көрсеткішке жетті. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған іргелес елде пәтер жалдау құны, азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдер өскен. Әлем бойынша ең көп санкция салынған Ресейдегі экономикалық ахуал туралы келесі материалда.
Ресейдің тағы үш банкіне санкция салынды. АҚШ валютасы да қымбаттады. Мәселен, бір доллардың құны - 101 рубль. Жалпы, соңғы 5 жылда инфляция 100 пайыздан асып кеткен. Сондықтан елде құрылыс қарқыны да мәз емес, экономика құлдырап, қымбатшылық жайлады.
Менің ойымша, бәрі шетінен қымбаттап жатыр, қатты байқалады. Біздің зейнетақымыз жетпейді, әсіресе жеміс-жидек, көкөніс құны көкке ұшты.
Мен Канадада тұрамын. Бұрын Ресейге доллар әкеліп, ауыстырғанда талай зат сатып алатын едім. Қазір ештеңе келмейді. Бәрі қымбаттап кеткен, көп тауар сөреде жоқ.
Ірі брендтер, компаниялар Ресеймен жұмыс істеуден бас тартып, мыңдаған жұмыс орны қысқарды. Ал тұрғындардың банктердің алдындағы қарызы 40 триллион рубльден асқан.
Эльвира Глухова, экономист:
Ресейліктердің банк алдында мерзімі өткен берешегі де өсуде. Егер 2020 жылдың басында бұл сан 700 миллиард рубль болса, қазір ол 1,3 триллион рубльдің көлемінде.
Бүгінде Ресейде жұмыс күші жетпейді, оның үстіне 100 мыңға жуық еңбек мигранты депортацияланды. Сондықтан такси, қоғамдық тамақтану, құрылыс саласында кадр дефициті байқалады. Компаниялардың 85 пайызы жұмысшы жетпейтінін айтқан. Ал сарапшылар жылдың ортасына қарай инфляция 15 пайыздан асуы мүмкін дейді.
Индира Бегайдар
