Петропавлда мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовке ескерткіш орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовке ескерткіш орнатылды

04.08.2017

Қызылжар қаласының орталығында қоғам және мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовке ескерткіш орнатылды. Биыл соғыс ардагері, Социалистік Еңбек ері 100 жасқа толар еді. Қазіргі Ғабит Мүсірепов ауданының тумасы еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан нар тұлға. Атпал азамат тың игеру, ауылдардың экономикасын көтеру жұмыстарына белсене араласты. Оның қатысуымен Қазақстанның газ өңдеу кәсіпорны, Ақтау пластмасса зауыты, Қарағанды резина-техникалық бұйымдар зауыты сияқты ірі өндіріс орындары іске қосылды. Сол жылдары Қазақстан КСРО елдерінің арасынан өндіріс көлемі жағынан 3-орынға дейін көтерілді. Бәйкен Әшімовтің туған жері солтүстік өңірге деген ықыласы әрқашан ерекше еді. Мемлекет қайраткерінің ескерткішін ашу салтанатына жиналған қаланың зиялы қауым өкілдері мен жастар монументке гүл шоқтарын қойды. 

 

Әсел ОРАЗБАЕВА

Хабарламаларға жазылу