Республикалық олимпиадада жүлдегер атанған ауыл мектептерінің үздіктері елордада марапатталды. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен додаға 500 финалист жолдама алған. Олардың тек 221-і 117 қола, 62 күміс және 42 алтын медальге ие болды. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталды. Айта кетейік, II Республикалық олимпиадаға биыл 99 264 оқушы қатысқан. Жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 1 мың оқушы ғана ақтық сынға өтті. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша жеңімпаздар желтоқсан айында белгілі болады.
Ғаждембек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:
Жалпы былтырғы жылмен салыстырғанда олимпиадаға қатысатын балалардың саны 35 мыңға артты. Бұл дегеніміз ауылдық жерлерде олимпиадалық қозғалыстың жанданғанын, қызығушылықтың артқанын байқаймыз. Сонымен қатар барлық 1-ші орын алған жеңімпаздар көктемде өтетін ұлттық республикалық пән олимпиадасына қатысады. Және оқушылардың білім сапасын арттыру үшін барлық 500 финалист бала "Дарын" мектебіне сырттай қабылданады.
Аида Ахметбек