«Моана 2» мультфильмі қазақтілді көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Моана 2» мультфильмі қазақтілді көрерменге жол тартты

29.11.2024

«Моана 2» анимациялық фильмі қазақ тілінде жарыққа шықты. Қазақстанның ірі қалаларында мультфильмнің жабық көрсетілімі өтті.

Тынық мұхиты мен оның аралдарындағы шытырман оқиғаны баяндайтын «Моана 2» мультфильмі қазақтілді көрерменге жол тартты. Фильмнің жабық көрсетіліміне дубляж ісіне атсалысқан мамандар, қоғам қайраткерлері және депутаттар қатысты. Қызығы, биыл Дисней компаниясы әлемдік премьераларын қазақ тіліне өз қаражатына ұсынып отыр. Бастамаға «Қазақ тілі» қоғамы ұйытқы болған.

Рауан Кенжеханұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:

Үлкен-үлкен студиялар бар әлемде. Соның ішінде «Сони», «Пиксар» секілді. Бұл студиялар өз фильмдерін өз қаражатына әлемнің 30 шақты тілдеріне аударып, таратады. Сондай тілдердің қатарына қазақ тілі де қосылып отыр. Бұған дейін біз фильмдерді өз қаражатымызға, демеушілердің көмегімен аударып жүрдік. Сондықтан бұл бастаманың маңыздылығы біз үшін өте үлкен.

Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлету үшін аудармашылар шамамен 2 апта, дубляж командасы 15 күндей жұмыс істеген. Жобаның танымалдығын арттыру үшін дыбыстау жұмысына Назима мен Садраддин сияқты әншілер тартылған.

Шах-Мұрат Ордабаев, қазақ тіліндегі дубляж режиссері:

Көрерменді мейлінше осындай жобаларға тарту үшін олардың сүйіктілерін тартуға тырыстық. Ол осы нәрсені дәріптеудің бір амалы болды. Неліктен біз киноға барғанда да өзіміздің сүйікті әртістеріміздің жүзін көріп, осы әртістерді көргім келеді деген оймен барамыз? Тура сондай мақсатпен жасалған бұл да бір маркетингтік қадам болды.

«Моана 2» сынды қазақ тілінде шыққан жобалардың кассалық көрсеткіші жақсы болса, мемлекеттік тілде ұсынылатын шетелдік туындылар көбейе түседі, - дейді жоба жетекшілері. Мысалы бұған дейін ұсынылған «Ойжұмбақ 2» фильмі қазақ тілінде көрсетіліп, алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, рекорд орнатқан.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу