Таразда бүгін «Қаржыгерлер аллеясы» тазартылды. Әр бейсенбі сайын болатын экоакцияға кітапхана қызметкерлері мен қала әкімдігі бөлімдерінің мамандары белсенді қатысты. Оларға «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшылары да көмекке келді. Табиғат жанашырлары шағын бақтың ішін ағаш жапырақтары мен тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Жалпы аймақта акция басталғалы 150-ге жуық саябақ пен гулзар аумағы тазартылды. Игі шараға бүгінге дейін 850 мыңға жуық адам тартылды.
Әсел Сағындық, кітапханашы:
Әрбір адамның тазалығы өз бойында ғана емес жалпы қалада да өз үлесін қосуы керек. Қаламыздың өсуіне, көркеюіне, таза болуына әр азамат, әр тұрғын жауапты деп ойлаймын. Экологиялық мәдениетті ары қарай дамыту үшін осы сенбіліктерден, акциялардан қалмай қатысып жүрейік.
Ал Павлодарлық жастар тазалық акциясын қыста да жалғастырады. Белсенділер 50-ге тарта жалғызбасты адамдарға қол ұшын беруді жоспарлап отыр. Бүгін «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері 85 жастағы Раиса Камышкенованың үйіне келіп, есіктің алдын қардан тазалады. Бұл бір реттік көмек емес, басқа да мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетеміз дейді жастар.
Данияр Әлімқұл, Болат Аманбаев