Қазақстан мен Мажарстан бірлескен инвестициялық қор құруға келісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды. Мұнай, қаржы, логистика, агро сала. Бауырлас елдер әр саладағы байланысты бекемдеуге ниетті.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мажарстан парламенттік ел. Бір палата, 199 депутат. Олар осы жерде отырады. Ғасырдан астам тарихы бар нысан мемлекеттегі ең алып ғимарат әрі Будапешттің көрікті жері болып есептеледі. Оның ішінде 691 бөлме бар. Құрылысына 40 млн кірпіш пен 40 келі алтын жұмсалған.
Президент Тоқаев тарихи ғимаратты аралап, Мажарстан мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Kёвермен кездесті. Екі елдің ынтымағын арттыруға парламентаралық байланыстың маңызы үлкен екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мен Мажарстанның заң шығарушы органдары арасындағы қарым-қатынасты жандандыруды құптаймын. Бұл қос халықтың өзара түсіністігін нығайтуға ықпал етеді деп санаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын.
Президент Виктор Орбанмен кездесу кезінде Мажарстанды сенімді стратегиялық серіктес деп атап өтті. Мұнай-газ секторы мен ауыл шаруашылығы, логистика, атом өнеркәсібі және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру керектігі айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру.
Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:
Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады.
Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халықтар екенін еске салды. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Отыз жыл бұрын Қазақстан өз елшілігін Мажарстанға жіберді. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет қана бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды.
Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар.
Виктор Орбан Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне назар аударды.
Виктор Орбан, Мажарстан премьер-министрі:
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық.
Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады. Тек экономика ғана емес. Туыс елдер мәдени-гуманитарлық әріптестікті де кеңейтуге ниетті. Нақты жобалар жасалып, жұмыс жоспары да бекітілді.
Шерхан Жамбылұлы