Президенттің Сербияға сапары аясында 10 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Сербияға сапары аясында 10 құжатқа қол қойылды

19.11.2024

Астана мен Белград арасында жаңа әуе рейсі ашылатын болды. Мұндай келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сербияға ресми сапары барысында қол жеткізілді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде лидерлер сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ, түрлі салаларда байланыс беки түспек. 

Қазақстан басшысын ресми қарсы алу салтанаты Сербия сарайының алдындағы алаңда өтті. Қасым-Жомат Тоқаевтың келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеп, бастығы рапорт берді. Одан соң екі елдің әнұраны шырқалып, қадірлі мейманның құрметіне зеңбіректен 10 рет оқ атылды.

Президенттер ресми делегация өкілдерімен танысқаннан кейін келіссөздерге кірісті. Шағын құрамдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Астана мен Белград арасында сауда және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан Президенті көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін Александр Вучич пен Сербия халқына алғыс айтты. Одан соң, Президенттер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі ел арасында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік.

Лазар Койч жүгері шаруашылығымен айналысады. Қазақ кәсіпкерлерімен ауқымды шаруашылықты жолға қойған. Қазір Қазақстанның әр аймағындағы ауа райына бейімделген жүгері сұрыпын шығарумен айналысып жүр.

Лазар Коич, кәсіпкер: 

Бұл жұмыстарды біз 1993 жылдары бастағанбыз. Қазақстан аумағы жағынан Сербиядан 22 есе үлкен. Тұтынушылар да баршылық. Әуелде жаңа сұрыптарды өзге елдерден сатып алып жүрдік. Ал қазіргі біздің өніміміз әлемдік брендтерден кем емес. Осындай ауыл шаруашылығындағы ғылым саласын дамытуға Қазақстан үкіметі тарапынан да қолдау өте жақсы.

Лидерлер екі ел арасындағы тауар айналымның өсімін жоғары бағалады. Сондай-ақ, білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарында ынтымаққа ықыластық танытты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық.

Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Бүгіннің өзінде барлық саладағы байланыс бекем. Босфор бұғазында тұрып жатқан қандастарымыз, қарапайым халқының да Қазақстанға деген құрметі ерекше екенін айтады.

Бибігүл Васич, Білім саласының қызметкері:

Сербияда тұрып жатқаныма 6 жылдан асты. Қазақ екенімді білген жергілікті тұрғындар бірден отандастарымның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Белградты қорғауға қосқан үлесі жайлы айтады. Қазақстанға деген құрметтері ерекше. Өзім онлайн форматта Қазақстанның университеттерінде дәріс оқимын. Бүгінгідей ауқымды келіссөздерден кейін ынтымақтастық артып, біліміммен барып бөлісемін деген үміттемін.

Иә, білім саласындағы байланысты арттыру жоспары құжатпен бекіді. Енді екі елдің министрліктері тәлім мен тәрбие беруде тәжірибе алмаспақ. Ал, барыс-келіс үшін тараптар өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтты.

Наташа Яковлевич, журналист:

Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Жұмыс бабымен және референдум кезінде. Менің пайымымша Қазақстанмен барлық салада серіктестік орнатуға болады. Әсіресе туризм саласын атап өтер едім. Табиғаты ғана емес қалалары да өте әдемі. Транзиттік мүмкіндіктері де орасан. Энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында жобаларды қолға алуға алуға болады.

Келіссөздер барысында жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды.

Александр Вучич, Сербия президенті:

Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын.

Сапар аясында бас-аяғы 10 құжатқа қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында бекіген екіжақты келісімдер қазақ-серб ынтымағын одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу