Еліміздегі реабилитологияның дамуын шетелдік сарапшылар жоғары бағалап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі реабилитологияның дамуын шетелдік сарапшылар жоғары бағалап отыр

15.11.2024

Астанада «Реабилитология мен курортологияның басым бағыттары» тақырыбын талқылау мақсатында отандық және шет елдің мамандары бас қосты. Неврологиялық мүгедектік ауруларын оңалту, диагностикалаудың жаңа әдістерін енгізу, оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын қолдану және басқа да көптеген мәселелер әңгіме өзегі болды.

Қазір елімізде 732 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оларға барлық жағынан жағдай жасау үшін 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалтудың цифрлық күнделігі енгізілуде.

Светлана Жақыпова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Осы жобалар аясында мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту іс-шараларын жүргізу үшін инновациялық оңалтудың техникалық құралдары қамтамасыз етілді. Қазірдің өзінде үйде оңалту курсынан өтуде. Нәтижелер бар. Балалар аяқтарына сенімді отырып тұра бастады.

Шет елдік сарапшылар соңғы жылдары елдегі мүгедектігі бар адамдар үшін инклюзивті қоғам құруға қатысты ауқымды жұмыстар жасап жатқанын атап өтті.

Елена Морозова, Қазан мемлекеттік медицина академиясының балалар неврологиясы каведрасының меңгерушісі, профессор (Ресей):

Мен Қазақстанды ең алдыңғы қатарлы елдердің бірі деп есептеймін. Бүгінгі таңда тірек қимыл қозғалысының бұзылыстары мен аутизм спектрінің бұзылыстарымен жұмыс істеудегі прогрессивті елдер. Міне, осы әдістердің ішінде ең маңыздысы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың жан дүниесі, олардың өзіне деген сенімі. Бұл тек технологияға ғана емес, мамандар арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты.

Қазір жеке таңдалған техникалық оңалту құралдарымен 73 бала ем қабылдайды. Бүгінгі күні кепілдік берілген тізімде оңалтудың инновациялық техникалық құралдары қарастырылмаған. Ал алдағы уақытта министрлік барлық тізімді толықтырып қайта түзбек.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу