Астанада бірнеше балабақша жетекшісі мемлекеттік білім беру тапсырысын ала алмай жүрміз деп шағымданды. Айтуларынша, барлық талап орындалып, құжат түгел болғанымен, мемлекеттің жәрдемінен қағылған. Салдарынан ата-ана тарапынан шағым көбейген.
Елордалық Маржан Тимурқызы баласын апарып жүрген жеке балабақшаның мемлекеттік тапсырыс алғанын күтіп жүр. Тапсырыс алса, қалтамдағы ақшама үнем болар еді, - дейді.
Маржан Тимурқызы, қала тұрғыны:
Бізге баға көтеріледі деп жатыр. Екі есе жоғарылауы мүмкін. Ал оны біз қалай береміз? Айлығым төмен. Жас ата-аналар бар. Биліктен ешқандай көмек болмай жатыр. Дотация берілу керек еді. Әлі берілмеген. Осы мәселе шешілу тиіс деп санаймын.
Қалада бірнеше жекеменшік балабақша мемлекеттік тапсырыс ала алмай жүр. Меңгерушілердің айтуынша, орталықта барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Құжаттары түгел. Жаңа оқу жылы басталғалы 3 рет өтінім жіберген. Салдарынан ата-аналар тарапынан шағым көбейген. Сондықтан жеке балабақшалар бала санын азайтқан.
Айнұр Үмітханова, балабақша меңгерушісі:
Балабақшада түрлі құрылыс материалдарының қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжат жоқ делінген. Жоқ деп рұқсат бермеді. Бірақ СЭБД шешімінде ол құжаттар расталған. Білім басқармасының жасаған ескертуімен бір-біріне сәйкес келмейді.
Айым Асанова, балабақша меңгерушісі:
Біз мемлекеттік тапсырысты ала алмай жатқаннан кейін балабақшада бала саны азайып жатыр. Өйткені бізде көпбалалы аналар өздерінің шағымдарын айтады. Біздің қойған бағаны төлей алмайды. Сол себепті төмен баға болғанын күтіп жүр. Күтіп жүрген ата-аналар өте көп.
Қалалық білім беру басқармасының дерегінше, шағым орынсыз. Құжат толық болғанымен, балаға қажетті жағдай жасалмаған. Мұны тексеру тобының мүшелері анықтапты.
Балабақшалар ескертулерді елеп, олқылықтарды қалыпқа келтіру керек. Содан кейін ғана мемлекеттік тапсырысқа қайта өтінім бере алады. Қазіргі таңда елордада 400-ден астам жеке балабақша бар. Оның 90 пайызы осы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді.
Динара Жарқынбек