Енді интернет-алаяқтар рәсімдеген онлайн несие кешіріледі. Тиісті заң күшіне енген. Өйткені кибер алаяқтардың тұзағына түскендер күн санап көбейіп барады. Оралдық тұрғындар да сол санаттан. Бірі Таиландта тынықпақшы болып сан соқса, екіншісінің кәсібіне кесірі тиді. Ал тағы бір кәсіпкер 39 млн теңгесінен айырылып қалды. Ардақ Мұратқызы рет-ретімен айтады.
Аты-жөнін айтпауды өтінген бойжеткен «Таиландқа тур алып беремін» деген алаяққа алданған. «Танымал блогердің продюсерімін» деп танысқан жігітпен желіде жарты жылдай сөйлескен. Бетпе-бет көрмеген.
Орал қаласының тұрғыны:
Маған жеңілдікпен Таиландқа тур 350 мың теңге тұрады деді. Құрбым екеуіміз барамыз деп, 700 мың теңге «лақтырдым». Төрт арал, яхта кіреді деді. Шамамен 4 күн қалғанда маған басқа нөмерден біреу «сол жігіттің бөлесімін, ол аварияға түсіп қалды, осындай ауруханада жатыр» деп айтты. Алданып қалдық.
Ал мына жағдайда белгісіз біреу желіде Айымгүл Болатова болып, тұрғындарға жоқ тауарды сатып, пайда тауып жүр. Полицияға арыз беру үшін Ыстамбұлдан елге ұшып келген кәсіпкер клиенттеріне бейтаныс жандарға, беймәлім есепшоттарға ақша аудармауын өтінеді.
Айымгүл Болатова, Орал қаласының тұрғыны:
Мені алдап, менің видеомды пайдаланып, атыма кір келтіріп, қаншама қазақстандық бауырларымызды алдап отырған жайы бар. Ақша аударған кезде тек сол адамның «Каспийі» екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана ақша аударыңыздар. Мысалы, видеода мен Айымгүл деп шығып тұрсам да, Дастан, Айбек деген адамдардың шотына ақша аудармаңыз.
Ал кәсіпкер Ақан Табишевтің банкте жатқан 39 млн теңгесін интернет алаяқтар 15 минуттың ішінде үптеп кеткен. Оқиға түнде болған. Алайда жәбірленуші бәрінен бұрын банктің жауапсыздығы мен полицияның қауқарсыздығына налиды.
Ақан Табишев, Орал қаласының тұрғыны:
Дропперлерді мен ЖСН-дары арқылы өзім тауып алдым 2-3 күнде. Сол дропп мәліметтерін тергеушіге берсең, оларды бұғаттай алмаймыз, біздің құзырымыз жүрмейді, дейді. Доступ жоқ ешқандай. Банктерді де жауапкершілікке тартатын етіп қою керек.
Таиландқа турға жиналған бойжеткендерді алдап соққан алаяқты «Киберпол» қызметі дер кезінде анықтап, ақшасын қайтарып берді. Ал екінші кейіпкеріміздің арызы бойынша шағым енді түсті, тергеу басталды. Ең қиыны, үшінші жағдай. Өйткені банктегі есепшоттан ірі соманы ізін білдірмей үптеп кеткен алаяқтар дропперлар арқылы ақшаны шетел асырады не криптовалютаға айналдырып үлгереді.
Артур Мұсағалиев, облыстық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:
Дропперлер - негізінен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері. 18 жасқа толған. Олар әлеуметтік желі арқылы оңай ақша табу үшін алаяқтарға өзінің есепшотын сатады. Қазір дропперлердің қылмыстық жауапкершілігі жоқ. Сондықтан оларды қылмыскер деп айтуға болмайды. Алайда олар интертнет алаяқтықтың іске асуына көмек көрсетіп отыр. Банктер тарапынан алаяқтарға көмектескен фактілер тіркелген жоқ. Алайда банк қызметінің алаяқтардың жәбірленушілерден ақша ұрлау фактісіне тосқауылы төмен болып отыр.
Елімізде «Банктер және банк қызметі туралы» заңына «интернет алаяқтар рәсімдеген онлайн несиені есептен шығару» жайында өзгеріс енгізілді. Енді полицейлер банкке ұйғарым жіберіп, жапа шеккендердің несиелерін тоқтата алады. Бүгінде 300-ге жуық арыз берушінің несиесі кешірілді. Ал алаяққа оңбай алданғандар өткен жағдайды мүлдем еске алғысы келмейді.
Ардақ Мұратқызы