Әлемдегі сан құбылған геосаяси жағдай түркітілдес елдердің ақпарат кеңістігіне де әсер етіп жатыр. Санкциялар, ақпарат ағынындағы өзгерістер журналистер үшін жаңа сынақтарға айналып, жалған ақпараттың таралуына, тәуелсіз медиаға қысымның күшеюімен сипатталып жатыр. Осы сын-қатерлерді еңсеру үшін журналистердің кәсіби қоғамдастығын нығайтып, халықтың медиасауаттылығын арттыру қажет. Түркілдес журналистер қорының 10 жылдығына орай өткен Алматыдағы медиа форумда қор басшысы Нәзия Жоямергенқызы осылай дейді. Ауқымды жиынға әлемнің түпкір-түпкірінен БАҚ өкілдері жиналып, дәстүрлі журналистика мен әлеуметтік медианың жаңа тенденциялары, жасанды интеллекттің медиаға ықпалы, аймақтық ақпарат құралдарын дамыту жолдарын талқылады. Екі күнге созылатын медиафорумда әлеуметтік желілердің қоғамдағы ықпалы да сөз болады.
Эврен Мүддерісоғлы, Түркияның Алматы қаласындағы бас консулы:
Қазақстан мен Түркия арасындағы берік байланыс мәдениет, рухани дүниемен ғана емес, ақпараттық кеңістікпен де тығыз байланысты. Бүгінде түркітілдес халықтардың журналистика саласындағы өзара ықпалдастығы жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Қазақстан Президентінің бастамасымен Түркі дүниесіне тиесілі мұраны насихаттайтын ортақ телевизия құру жоспарланған. Бұл – маңызы зор бастама деп ойлаймын.
Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті:
Бір біріміздің мәдениеміздің, діл-дініміздің бір екенін, мәдениетіміз арқылы, мұрамыз арқылы, жалпы түркі халқы болып, дамығанымызды ерекше атап өту қажет. Түркі тілдес журналистердің жұмысы жастарды тәрбиелеуде, мұраны насихаттауда ерекше маңыздылығын айта аламын.
Жазира Оразқызы