Қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы салынып жатыр. Бұл жерде «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, салық және кеден жеңілдіктері ұсынылмақ. Самарқанда өткен IV өңіраралық ынтымақ форумда жалпы құны 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойылды. Саяси экономикалық ынтымақ енді тереңдей түспек. Әсіресе энергетика, тау-кен өнеркәсібі мен геология саласында бірлесе атқарылар жобалар баршылық.
Биылғы форумның ерекшелігі – екі ел кәсіпкерлерінің кең ауқымда өткен іскерлік кеңесте бас қосуы. Оған қос мемлекеттен 200-дей делегат қатысып, қай салаларда бірлесе жұмыс істеуге болатынын талқылады. Соның бірі ауылшаруашылығы мен өнімді қайта өңдеу саласына қатысты.
Сұлтанбек Бәкіров, «Қазақ жібек» қауымдастығының төрағасы:
Мақсат – Қазақстанда жібек кластерін дамыту. Түпкілікті жұмыс орындарын ашу. Ауыл әйелдерінің 80 пайызын жұмыспен қамтығымыз келеді. Өткен жылы 300 мың көшет егіп, жұмысты бастадық. Тағы 6 млн көшет алатын болдық.
Екі ел үкіметінің бастамасымен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы салынып жатыр. Түркістан облысымен шектесетін аумақта бой көтерген нысан қазақ-өзбек бизнесінің қатар дамуына жол ашады. «Бір терезе» қағидаты енгізіліп, салық және кеден жеңілдіктері ұсынылмақ.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:
Жалпы, бүгінгі форум қорытындысында біздің облысқа қатысты 14 құжатқа қол қойылды. Оның алтауы – коммерциялық құжат, құны 68 млн долларды құрайды. Нәтижесінде бізде 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Іскерлік кеңес аясында құны бірнеше жүз миллион доллар болатын 76 құжатқа қол қойылды. Шекара маңындағы өңір басшылары мен кәсіпкерлер өзара сауда-саттықты дамыту жайын пысықтады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі мемлекеттің сауда-экономикалық байланысын тереңдету бағытын көздейді. Қос ел президенттері өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуді міндеттеді. Маңызды басқосу сол мақсатқа жету жолындағы негізгі қадамның бірі.
Форум алғаш рет 6 жыл бұрын Шымкентте өткен. Содан бері үкімет басшылары мен кәсіпкерлер Үргеніш пен Түркістан қалаларында екі рет кездесіп, кеңес құрды. Нәтижесінде алыс- беріс әсіресе соңғы 10 жылда үздіксіз артып келеді.
Базаркүл Отыншиева