Ақмола облысында диқандар жинаған өнімін өткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында диқандар жинаған өнімін өткізе алмай отыр

10.10.2024

Ақмола облысында диқандар қамбаға түскен астықты өткізе алмай, шығынға батуда. Биыл мол өнім жиналғанымен, сатып алушы жоқ. Бидайдың бағасы да күннен күнге құлдырап барады. Бұған не себеп? Қолында барын өткізе алмай отырған шаруаларға қандай көмек беріледі? Өңірдегі тілші Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.

Қазір егіс алқаптарында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар піскен дақылды жинап алу үшін күндіз-түні бел жазбай еңбек етуде. Биыл мың гектардан астам жерге егін еккен Қуанышбек Ыбыраев жиған-тергенін түгел элеваторға тапсырған. Бірақ сұраныс жоқ.

Қуанышбек Ыбыраев, шаруа:

Бағасы арзан. Өте арзан. Мен 220 тонна арпа саттым. 45 мың теңгеден. Ол баға ма? Өйткені, жұмыс істеу керек. Жанармай алу керек. Запчасть алу керек. Жалақы төлеу керек. Амал жоқ сатып жатырмыз.

Биыл астықтың орташа өнімділігі гектарына 14 центнер. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда шығымы әлдеқайда жақсы. Бірақ сұраныс аз. Мәселен, үшінші сұрыпты бидайдың бағасы бір аптаның ішінде 80 теңгеден 65-ке құлдыраған. Ал сапасы одан төмен астық,тіпті, арзан.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Жалпы қазіргі таңда өңірде 66 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Диқандар алдын ала кезекке тұрып, жинаған өнімін тонналап әкеліп тапсыруда. Қамбаға түсіп жатқан бидайдың 61 пайызы үшінші сұрыпты. Мұнда барлығы тазаланып, кептірілгеннен кейін дайын өнім сатуға жіберілуі тиіс. Алайда, шаруалар оны қайда өткізерлерін білмей дал.

Қазір өңірдегі егіс алқаптарының 98 пайызы жиналды. Диқандар орақ науқанын бірер күнде аяқтайды. Мамандар бағаның құлдырауына астықтың түсімі артқандығы себеп,-деп отыр.

Марат Саутов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Қазір бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шара қолға алынды. Мәселен, Үкімет тамыз айынан осы жылдың соңына дейін ел аумағына бидай әкелуге толық шектеу қойды. Осының арқасында біздің шаруалардың өніміне сұраныс артады. Орақ науқаны аяқталғаннан кейін бидайдың бағасы да тұрақталуы тиіс.

Сондай-ақ алдағы күндері азық-түлік корпорациясы төртінші, бесінші сұрыптағы бидай мен арпаның бағасын белгілемек. Қазір астықты шаруалардан тікелей сатып алу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу