Еуропалық гендерлік теңдік институтының мәліметі бойынша, әлемдегі әр оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Сталкинг деп жеке адамның немесе топтың басқа адамды қадағалап, аңдып жүруін айтамыз. Зорлық-зомбылықтың бір түрі. Онымен күрестің жолы қандай? Қазақстандағы құзырлы орган өкілдері мен Мәжіліс депутаттары Канадаға барып, осы бағытта тәжірибе алмасып қайтты.
Бұл сапарға Канада тарапы мүдделі болып, шақырған. Негізгі мақсат – тәжірибе алмасу. Өйткені елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза қатаңдады. Дегенмен бұл саладағы заңды әлі де жетілдіре түсу керек. Осы орайда құзырлы органдардың өкілдері Канаданың тәжірибесін зерттеуге кірісті.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор:
Біз осы зерттеу миссиясы барысында Канада полициясында болып, олардың жұмыс тәжірибесімен таныстық және біз өз еліміздегі ішкі істер органдарының атқарып жатқан, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша атқарып жатқан тәжірибемен бөлістік.
Лия Балфантейн, заңгер:
Бұл жобаның көптеген оң нәтижесі болады деп үміттенеміз. Делегация бірінші кезекте Қазақстанға тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкингтің алдын алу және санкциялау бойынша ұсыныстар тізімімен орала алады. Сондай-ақ біз еліміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсеміз және Канада Қазақстаннан да сабақ ала алады деп ойлаймын.
Көбіне осындай құқық бұзушылықтан нәзік жандар жиі зардап шегеді дейді мамандар. Оның ішінде зерттеулер әйелдердің 40 пайыздан астамы бұрынғы күйеуінің қудалауына ұшырайтынын көрсеткен.
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:
Еліміздің қоғамдастығында сталкинг ұғымын заңмен реттеуге үлкен сұраныс бар. Біздің осы жолы іс-тәжірибе жалпы әлемдік деңгейде сталкинг қалай қаралады, оған жаза қалай тағайындалады, сталкинг ұғымының негізгі мәні неде, сталкингке ұшыраған азаматтардың кейін реабилитациясы қалай болады деген кезде , біз әрине, өте теңдессіз, озық үлгідегі тәжірибе алмастық.
Канада елінде аңду – қылмыс деп танылған. Сол үшін 6 айдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Ал Қазақстанда бұл құқық бұзушылық үшін жауапкершілік әлі де толық айқындалмағанын айтады мамандар. Сондықтан осы сапар нәтижесінде қазақстандық тарап сталкинг үшін жауапкершілік туралы заң жобасына ұсыныстар енгізбек.
Жалғас Сәдібекұлы