«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының көрермендері көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының көрермендері көбейіп келеді

10.04.2017

Статистика бойынша, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, биыл аудитория 13 пайызға артқан. Үш айдың қорытындысы бойынша, үздік бестікке енген  телеарналардың арасында мұндай өсімге Ұлттық арна ғана қол жеткізген. Бұл нәтиже біздің ұжымға қуаныш сыйлап қана қоймай, жауапкершілікті де арттыра түсті.

Алуан түрлі арна бар. Ал, оларды таразылайтын - халық деген зергердің зейіні ғана. Ендеше, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының көрермен көңілінен орын тапқан туындыларын тізіп өтейік. Олардың барлығы – арнаның өз өнімі.

Әуелі «Әйел бақыты». Тікелей эфирде көрсетілетін төл ток-шоуды тамашалайтындар көп екен. Әлбетте, олар тек қыз-келіншектер емес. Одан соң түнге таяу «Түнгі студия» басталады. Нұрлан Қоянбаевтың әсерлі әзілдері мен сықақты сұхбаттары елді елітіп, сергітіп жүр.

Тап сондай бағыттағы бағдарлама – «Көңілашар» көрермен көңілінің кілтін тапқандай. «Бірге таңдаймыз!» бағдарламасы да талайдың талғамына сай, таңдауына дөп түсуде. Сәйкесінше, көрермен келелі кеңес, ұтымды ұсыныс алып жатыр.

Ал, «Айтуға оңайды» айтпай кету қиын. Өйткені, әлеуметтік ток-шоудың көрсеткіші жоғары. Қоғамдағы қуаныш пен қайғыны қатар қаузайтын бағдарлама бұқараның басты назарында.

Үндінің «Келіні» кетіп, телесериалдардың төріне қазақтың «Айман-Шолпаны» жайғасты. Ұлттық арнаның төл туындысы халықтың қызығушылығына ие. «Көзайым» сериалына да көзайым болып жүргендер аз емес.

 «Қазақстан» телеарнасы спорттық салмақты шараларды да мейлінше қамтуға тырысады. 28-ші Қысқы Универсиада тікелей эфирде трансляцияланды. Геннадий Головкиннің де әр жекпе-жегі тақым қысқан елге мұхиттың арғы жағынан көрсетілді. Қазақтың Қанаты да арнаның қолдауынан тыс қалған емес. Халық әр жеңісін тікелей эфирде арнамыздан тамашалап келеді.

Ұлттық арна көктеммен бірге жаңару кезеңіне көшті. «Таңшолпан» бағдарламасы жаңа серпін алып, таңмен таласа табысты еңбек етуде.

Ал, таза ақпараттық бағдарламалар жаңа форматқа ауысты. Әуелі «Таңғы ақпарат», одан соң «Кешкі ақпарат» және «Басты ақпарат» деген атаумен жаңалықтарымыз жаңғырды. «Басты тақырып» та ақпарлар легін толықтырып тұр. Мұндай өзгеріс көрермен қатарын көбейтуге тікелей ықпал еткен.

Бір жетіні түйіндейтін сараптамалық бағдарлама «Аптаның» да ахуалы ауанды. Ал, әр өзекті меселені жан-жақты жіліктеп көрсететін «Мәселе» бағдарламасы халықтың зейініне зілдей батқандай. Көрсеткіш жоғары.

Сондай-ақ, «Ән салады мамандар» атты музыкалық шоудың да өз көрермені бар. Балаларға арналған «Тәй-тәй шоу» бағдарламасы да көрсеткіштер көшінде тәй-тәй басып келеді. Қорыта айтқанда, біздің еңбек сіздің кәдеге жараса игі.

 

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу