Бүгін – Халықаралық туризм күні. Саяхат саласы әлем елдерінде жыл сайын қарқынды дамып келеді. Тұмса табиғатымен ерекшеленетін Қазақстанның да бұл салада әлеуеті зор. Мәселен, тек Бурабай курорттық аймағына тоғыз айда 700 мыңға жуық турист келген. Оның тоғыз мыңнан астамы шетелдіктер. Көбінесе Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Өзбекстан елдерінен келген меймандар бұл өлкенің тамылжыған табиғатына қызығады. Жалпы қысы-жазы қызмет көрсетілетін демалыс орнына соңғы үш жылда 2 милионнан астам турист келген.
Тамылжыған табиғатымен ерекшеленетін Бурабайға әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып жатыр. Қарағайлы орманы, тау-тасы мен сай-саласын көрем деушілердің қарасы қалың. Бүркіт ұстап суретке түсіп, атқа отырып, ұлттық киімдер киіп, қазақ халқының мәдениетімен, әдет-ғұрпымен танысып жатқандар да көп.
Ибрагим Рефахи, турист:
Маған бұл ұлттық киім өте қатты ұнады. Мұны бұрынғы заманның көсемдері, бетке ұстар азаматтары киген сияқты. Қазақстанның тұмса табиғаты да өте керемет екен. Көздің жауын алады. Қуаныштымын.
Туристі өлкенің қойнауы құпияға толы. Энеолит дәуірінен сыр шертетін бұл аумақта Ботай мәдениетіне тән жеті қоныс орналасқан. Үйшіктер бір-бірімен жерасты жолы арқылы қосылыпты.
Рауан Ержанов, ғылыми қызметкер:
Әр үйдің Ботай мәдениетіне тәрізді өзінің атқаратын қызметтері бар. Соның ішінде шаман тұрғын үйі бар, орталық тұрғын үй бар, үй кәсіпшінің тұрғын үйі бар. Қазір біз сіздермен жылқы-қымыз тұрғын үйіндеміз. Ботайлықтар дәлелдеді ғой. Ең алғаш жылқыны қолға үйретіп, қымыз жасағанын. Міне, бұл жерде біз қымыз дайындап жатқан әйелдің бейнесін көре аламыз.
Бұл аймаққа ат басын бұрған туристер этномұражайға соқпай кетпейді. Алты мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігімен танысып, құнды жәдігерлерді тамашалайды.
Жеті қоныста ежелгі адамдардың құрал-жабдықтары, ыдыс-аяқтары, кәдімгі тастан жасалған жебе, садақ, пышақ сынды қару-жарақтар сақталған. Тау баурайында орналасқан этномұражайда балауыздан жасалған түрлі мүсіндер де қойылыпты. Мәселен, бұл ежелгі дәуірде өмір сүрген тайпа көсемі.
Биіктігі 147 метрден асатын Бөлектау тауына да күн сайын жүздеген турист келеді. Шыңға шыққандар Бурабайдың тамылжыған табиғатын тамашалап, саф ауасымен тыныстайды.
Ұмсындық Наурызбаева