Зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр

26.09.2024

Отбасындағы зорлық-зомбылық деректері азаймай тұр. Тек Ақтөбе облысында жыл басынан бері 284 қылмыстық іс тіркеліп, 41 адам қамауға алынған. Дағдарыс орталықтарына келетіндердің де саны артқан. Енді мұндай мекемелер аудандардан да ашылып жатыр.

37 жастағы Әсем күйеуінен озбырлық көргендердің бірі. Ол көрші облыстардың бірінен Ақтөбеге қашып келуге мәжбүр болған. Ішімдікке әуестігі бар жолдасы қол көтеруін қоймаған. Шыдамы таусылған әйел үш баласын алып, кетіп қалған.

Әсем, қала тұрғыны:

Мүлдем өзгерген жоқ.Маған ғана емес, балаларға қол көтере бастады. Үйде күнде айқай-шу, балалар қорқа бастады. Еркін сөйлей алмай, күле алмай жүрді балаларым. Үлкен қызым айтады, сол кезде кетпеген кезде, соңғы жаңалықтарды қарап жүрміз ғой, Салтанат Нүкенова сияқты болатын еді анашым деп.

Әсем алғашында дағдарыс орталығында болған. Мамандардың көмегінің арқасында уайымнан арылып, аяғына нық тұрды. Қазір өзі де қиын жағдайға тап боғлан отбасыларға психологиялық көмек көрсетеді. Биылдыққа дағдарыс орталықтарына 270 адам келген.

Ардана Саймағамбетов, Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

Дағдарыс орталықтарында биылдың өзінде екі жүзге жуық адам реабилитациядан өткен. Көмектер көрсетілді. Кейбірі тіпті, өздерінің шаруашылықтарын, бизнестерін ашты. Дағдарыс орталықтарында алты айға дейін көмек көрсетіледі.

Зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатаңдатылғалы бері қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны өткен жылдармен салыстырғанда көбейген. Яғни, бұрын әкімшілік жауапкершілік санатында болған теріс әрекеттер енді қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.

Ақгүл Қасанғалиева, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы:

102 пультіне 3700-ден артық отбасылық жанжалға қатысты қоңыраулар түсті. Осы қоңырауларға байланысты учаскелік полиция инспекторларымен үш мың бес жүзден артық қорғау нұсқамасы қойылды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды осы тұлғалар.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болғандардың арасында балалар мен жасы сексеннен асқан кейуаналар да бар. Қазір өңірде 6 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта мұндай мекемелер барлық аудан орталығынан ашылады.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу