Ұлы даланың рухымен қауышу: Көшпенділер ойыны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлы даланың рухымен қауышу: Көшпенділер ойыны

15.09.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына келсек, тамашалаған көпшілік «жақсы ұйымдастырылған» деп бағалап жатыр. Шетелдік туристер де ізгі лебіз білдіріп жүрді. Сайыстар өтіп жатқан кездегі қиқу, этноауылдағы атмосфера рас, бір жағы делебені қоздырып, екінші жағынан «елім менің!» деген сипаттағы сезімге бөледі.

Тегін автобустардың қатынағаны, мейірімді еріктілер, әр киіз үйдің жанында шырқалған ауылдың алты ауызы, қойылымдар мен концерттер – шуақты күндер сыйлады. Дегенмен тағы бір жағы бар. Көшпенділер ойыны дәстүрге айнала ма, ойын ережелері темірдей болып бекітіле ме? Көкпарға байланысты қырғыз жағы неге сонша тас-талқан болып, ашу-дұшпанға ерік берді? Бұл біздің бір жұдырық болу мұратымызға қайшы ғой... Көшпенділер ойынын барша түркі жұртын рухтандыратын темірқазық етсек.

Амангелді Сейітханның материалы.

Сарыарқаны 5 күн бойы дүбірге бөлеген көшпенділер ойыны аяқталды. Бірақ, этноауылдың қасындағы ән-думан мен сән-салтанат, аттың дүбірі мен халықтың қиқуы әлі ұмытылған жоқ. Әсіресе, ерекше әсер қалдырған мына бір сәттер естен кетер емес.

Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын алыстан келген қонақтар да айтып жатты.

Ойынды көруге 100 мың турист келеді делінген. Қанша келгені белгісіз. Бірақ, оларға жол көрсеткен еріктілер шетелдіктер көп деді.

Этноауыл тарихқа саяхат жасайтын жер ғана емес, сауда алаңына да айналды. Шеберлердің қолөнер туындыларын сатып алғандар көп болды. Мысалы, Кореядан келген мына жастар:

Нои Дензель, турист /Калифорния/:

Мен мұндай бас киімді бірінші рет киіп тұрмын. Көшпенділердің рухы сезіледі екен.

Қабдол-Мәжит Иманов, ҚР Мәдениет қайраткері:

Домбырамның біразын саттым. Шетелдіктер келіп алды. Америкалық, италиялық азаматтар келіп алды. Міне, 4-ақ домбыра қалды. 14 домбыра алып келгенмін.

Қазақтың ән-күйіне тамсанған шетелдік қонақтар мен спортшылар арасында қазақша сұхбат бергендер бар:

Недим Қызылбұға, құсбегі /Түркия/:

Қазақтың суын іштім, тамағын іштім. Қазақ сияқты бүркітші болдым. Қазақ ағайлардан бүркітшілік сырын үйрендім.

Ал америкалық жанкүйерлердің ковбойларды қазақша қолдаған мына сәті желіде көп тарады.

Бұл жарыс бірнеше жаңа есімдерді танытты. Мысалы, теңге ілуден Рахат Қамбаровтың ептілігі тәнті етсе, асық атудан қатарынан 6 рет тигізген Нұрғиса Молжігітовтің мергендігіне таңдай қақты ел.

Ал алыптар сайысына қатысқандардың ең жеңілі болса да, жарты тонна арбаны сүйреген Азамат Мақұлбековтің қара күшіне тамсанғандар көп.

Басында қытайлық танымал блогер Тао Қазақстанға келіпті деп тамсанып жүргендер көкпардың финалындағы Құрманбек Тұрғанбектің атты қолға кімнің үйреткенін ұғып, кімге тамсану керегін сезінгендей.

Осы финалдағы талас та келесі көшпенділер ойынын асыға күтуге бір себеп. Алаңда болған оқиға әлі талқыланар. Ал қазақстандық ойыншының қырғыз көкпаршысын қамшымен осып қалған сәті футболда қарсыласын теуіп қалатын қорғаушылар әрекетіне ұқсас. Кейде осындай спорттық интрига да жанкүйер тартуы мүмкін. Көкбөрідегі мына бір көріністер де...

Қызығы қызық. Бірақ адам мен аттың жарақат алмағаны керек. Сол үшін көкпар немесе көкбөрі деген тартыс бітпей тұр. Осы жолы қырғызстандық көкпаршы төрешіге де шағым айтты. Финалда қазақстандық төрешілер қызмет етті, бұрмалады деп. Екінші жағынан, көкбөрінің финалында қырғызстандық төрешілер. Сонда осы 2 ел бір-бірімен ойнаса, қазылық ететін басқа елде маман жоқ па?!

Бекен Қайратұлы, этнограф, жазушы:

Басқалар оған келмейді. Өйткені ньюанстары болады адамдардың көретін. Атпен соқты ма, қамшымен соқты ма? Бола алмайды ешқашан. Болмақ түгілі аналар неге 12:0, 15:1-мен жеңіледі. Неге? Себебі оларда көкпар дамымаған. Бәсекелестік болмағаннан кейін қайтеді?! Екі бұқа сүзіседі.

Демек, көкпардың басқа елде де дамығаны керек. Ол үшін 2 ел бір-бірімен тек бәсекелеспей, ойынға өзгелерді қызықтыруды бірге ойластыру керек дейді этнолог Ахмет Тоқтабаев

Ахмет Тоқтабаев, тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

Көкпар ойынына қазір қызығушылық көп. Өте көп. Міне, қазір біз көкпардан тренерлер дайындасақ бар ғой, оларды араб елдері де, батыс еуропа елдері де аяқ-қолдарын жерге тигізбей алып кетейін деп отыр.

Оған бір мысал АҚШ ковбойларының келуі сияқты. Бірақ олар ат үстінде әзір бәсекелес емес. Көкпар ғана емес, басқа спорттан да.

Бекен Қайратұлы, этнограф, жазушы:

Мысалы, аударыспақты алайық. Соған 10 шақты елден келді. Ат үстіне мініп көрмеген жігіттер. Тақым жоқ. Демек, біз сол ұлттық ойындарды өзімізге қатысты мемлекеттерге дамытып, соған арнайы кісі жіберіп жаттықтыру керек екен. Мысалы, дзюдо күресі қалыптастырылғанға дейін олар ақшаны шашты. Бүкіл елге тренерлерін, бапкерлерін жіберді. Сонда қайтеді бәсекелестік болмайынша, ынта оянбайынша, бұл тек қана көруге, көз қуанатын ар жағында тұғыры жоқ ойындар болып қалайын деп тұр ғой.

Солай болып қалмас үшін де қазақстан жарысты олимпиадалық форматта өткізді. Бірақ олимпиаданың 100 жылдық тарихы бар. Әбден қалыптасты. Оны қазір көп ел өзінде өткізуге таласады. Ал бұл ойындар 2026 жылы қайтадан Қырғызстанда болады. Осылайша, бұл Қырғызстан, Түркия, Қазақстанда ғана айнала бере ме деген де сұрақ бар.

Ахмет Тоқтабаев, тарих ғылымдарының докторы, этнолог:

Көшпенділерге арабтар да жатады ғой. Оларды да кіргізу керек. Олар өздері бір 20-дан астам мемлекет қой. Содан кейін түркі халықтарының бәрі қамтылуы керек. Мысалы енді Әзербайжан елін алайық. Оларда да керемет ат ойындары бар.

Бірақ онда ойындар саны көбейіп, сапа кетіп қалмай ма? Қазір қай ойынға қызығушылық көп? Ол да зерттелуі керек. Мәселен, 2 жыл бұрын Түркияда 36 спорт түрінен өтсе, биыл 21. Ал Қырғызстанда қанша болады, қай спорт түрлері енеді? Белгісіз. Осындай жүйеленбеген мәселелерден кейін көшпенділер ойынын өткізу артық шығын емес пе деп сұраушылар да бар.

Ал ұйымдастырушылардың сөзінше, биылғы ойындарға бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Бұл 2011 жылғы Азиада бюджетінен 20 есе, 2017 жылғы Универсиада бюджетінен 5 есе аз.

Бірақ Азиада мен Универсиада кезінде спорт кешендері салынды. Ал көшпенділер ойындары үшін жаңа нысан салынған жоқ. Дегенмен «Қазанат» ипподромына реконструкция жасалған. Бұрын 2500 адам сиятын атшабарға қазір 10 мың адам сияды. Ол да дұрыс шығар, өйткені...

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу