Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астанада  өтетін мерекелік іс-шаралар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астанада  өтетін мерекелік іс-шаралар

07.03.2017
Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астанада  өтетін мерекелік іс-шаралар

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Астана қаласының мәдениет мекемелері бірқатар мерекелік іс-шаралар өткізеді, деп хабарлайды Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы.

Елордалық театрлар мен «Астана» концерт залы елорда тұрғындары мен қонақтарын 8 наурызға орайластырылған спектакльдер мен концерттерге шақырады. Қала тұрғындары үшін «Жігіттер» тобының есептік концерті 8 наурыз күні «Астана» концерт залында (бұрынғы «Конгресс-холл») сағат 16:00 және 19:00-де өтеді. Сондай-ақ, 9 наурызда сағат 18:30 «Алдараспан» әзіл-сықақ кеші көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

«Астана Опера» театрының Үлкен залында Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған «И нет тебя прекрасней...» мерекелік концерті ұйымдастырылады.

Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік еткен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хор қатысады.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында 7 наурыз күні сағат 16:00 С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» спектакль-комедиясы болады, ал, 8 наурыз күні 18:30 көрермендер М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиялық қойылымын көре алады.

Сонымен қатар мерекелеу шеңберінде музейлерде, кітапханаларда және Тәуелсіздік сарайында тақырыптық көрмелер өтеді. Тәуелсіздік сарайындағы «Гүлдің нәрі» атты көрме 2 сәуірге дейін жалғасады. Наурыздың 6-сы мен 13-і аралығында «Алжир» мұражайында 8 наурызға арналған балалардың суреттерінің экспозициясын тамашалауға болады. Мұнымен қоса, қала мерекеге орай безендіріледі. Астананың қысқы келбеті көктемгі жаңаруды білдіретін декорацияларымен алмастырылады.

Хабарламаларға жазылу