Көшпенділер ойындарында қызмет көрсетіп жүрген волонтерлардың еңбегі ерен. Қамқор жандар іс-шараға келген қатысушылар мен қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр. Дода басталғалы тыным көрмеген волонтерлар жайлы әріптесім толықтырады.
Темірлан Нұрсолтан, тілші:
Біз дәл қазір «Қазанат» ипподромының жанындағы «Көшпенділер әлемі» этноауылындамыз. Аты айтып тұрғандай, келген қонақтар көшпенділердің бай салт-дәстүрі һәм мәдениетімен таныса алады. Келгендердің қарасы қалың, олардың арасында шетелдік азаматтар да көп. Ал туристерге қолқабыс етіп жүрген 1600-ге жуық волонтер бар.
Мөлдір Ибадулла – бірінші курс студенті. Ол көшпенділер ойындары аясында қала тұрғындары мен меймандарына қызмет көрсетіп жүрген еріктілердің бірі. Оның міндеті – жөн білмегендерге жол сілтеп, туристерге аударма жасап, көмектесу. Волонтердің айтуынша, бұл іс-шарада жұмыс жасаудың өзі үлкен бақыт.
Мөлдір Ибадулла, ерікті:
Ең бірінші ұнайтыны – шетелдік азаматтар мен азаматшаларды көруім. Олармен тілдесу мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымын. Олармен сөйлесе отыра өзімнің сөздік қорымды арттыра аламын. Бәрі керемет, бәрі күшті! Ұнайды маған.
Ұйымдастырушылар тарапынан еріктілерге күніне 2 мезгіл тамақ пен қала ішнде тегін жолақы қамтамасыз етілген. Ал дизайнерлер оларға ежелгі көшпенділер үлгісіне сай арнайы киім тіккен.
Мөлдір Ибадулла, ерікті:
Бұл жерде бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының суреті тұр, мына жерде Қазақстанның туы және де осындай шапан, күшті тақия және де жилет берген болатын.
Бақдәулет Жанділдаев, еріктілер жетекшісі:
Еріктілерге дайындалған киім барлық ауа-райына және олардың қозғалысына ыңғайлы етіліп жасалған. Бұл киімдер ертең еріктілердің өздерінде естелік ретінде қалатын болады.
Еріктілер жұмысы айналаға аса қамқорлық пен төзімділікті талап етеді. Сондықтан талапты жастар осындай шараларда тәжірибе жинап, қарым-қабілеттерін арттыруды мақсат тұтады.
Темірлан Нұрсұлтан