Ауылдың жерін пайдаланып, тұрғындарына қамқорлық жасамайтын меншік иелерінің бізге қажеті жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдімекендердің аумағынан гектар-гектар жерді меншіктеп, пайдаға кенеліп отырған кәсіпкерлерді сынға алды. Сыр өңірінде осы тұрғыда өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген шаруашылықтар бар. Күріш өсіріп, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Абзал Ералиев бүгінде Нағи Ілиясов ауылын көркейтіп, дамуына зор үлес қосып отыр.
Керемет гүлзарлар мен су бұрқағы бар ауылдың инфрақұрылымы қалаға бергісіз. Елдімекенде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ, бұл жұмыстарға мемлекеттен бір тиын қаржы жұмсалмайды. Себебі, ауылдың әлеуетін көтеріп, көркейіп, гүлденуін толықтай жеке шаруашылық өз міндетіне алып келеді.
Нағи Ілиясов ауылы күріш өсірумен аты шыққан мекен. Шаруалар жыл сайын 5 мың гектар жерге Сыр салысын егіп, елдің ырзық-несібесі артып келеді. Ал күріштен түскен пайданың бір бөлігін шаруашылық төрағасы елдімекеннің дамуына бөлуді қалыпты үрдіске айналдырған.
Абзал Ералиев, Қазақстанның еңбек ері:
Соңғы он жылдың көлемінде көптеген қаржы салдық. Қазір енді 4 млрд теңге үстіне шығып тұр. Жылдағы абаттандыру жұмысына 150 млн тг. қаражат жұмсап жатырмыз. Барлық көшелер жарықтандырылған осы шаруашылықтың есебінен. Қолымыздан келгенше жақсы тірлік істеп жатырмыз деп ойлаймын.
Тұрғындар туған жерін ауылдардың астанасы деп атайды. Елдімекенде заманауи стадион, зәулім спорт кешен және басқа да түрлі нысандар бой көтеріп, бүгінде ауыл жұрты игілігін көріп отыр.
Жадыра Құрақбай, ауыл тұрғыны:
Ауыл көшелерінің барлығы асфальттанған. Тортуарға дейін салынған. Осы күні газ жүргізіліп жатыр. Балдардың да спортқа қатысып, ойын алаңына барып уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасап қойған ауылымызда.
Соңғы жылдары аймақтағы бірнеше ірі шаруашылық Нағи Ілиясов ауылын үлгі етіп, өз елдімекендерін көркейту, көгалдандыруды қолға алды. Десе де мұндай игі бастамалар санаулы. Өңірде әлі де жерді меншіктеп, ауылдың жағдайына қараспайтын кәсіп иелері бар. Былтыр арнайы комиссиясымен игерілмей бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, қолынан іс келетін ауыл азаматтарына табысталды.
Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
225 мың гектар жер өткен жылы қайтарылған болса, соның 76 мың гектары қайтадан айналымға енгізілді. Мал асыраймын, мал ұстаймын деген кәсіпкерлерге конкурс аясында табысталып отыр.
Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылық жерлерді ұзақ мерзімге меншігіне алып, ауылға мүлдем көңіл бөлмейтін кәсіпкерлерді бекер сынаған жоқ. Себебі, осы кезге дейін мемлекеттен түрлі қаржылай қолдау алған ірі шаруашылықтар енді ауыл жұрты алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де сезінуі керек.
Әділбек Серікұлы